Ссылки доступа

Қырғыз билігі Азаттық сайтының жұмысын екі айға уақытша тоқтатты


Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық пен "Настоящее время" төңірегіндегі жағдай туралы мәлімдеме жасап, АЕ/АР оқиғадан баланспен ақпарат тарату міндетінен таймайды деп мәлімдеді.

"Біз аталған материалдың мазмұнын зерттеп, ешқандай стандарт бұзылмағанын анықтадық. Сол себепті материалды сайттан алып тастау туралы қысымның жетегінде кетпейміз" деді Джейми Флай.

Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі "Азаттық Медиа" сайтының жұмысын екі айға тоқтатты. Бұл жөнінде ведомство хабарлады.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шешім "Настоящее время" ("Азаттық Медиаға" қарасты құрылым) телеарнасындағы сюжетке байланысты қабылданған.

Мәдениет министрлігінің айтуынша, "Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауыр шайқас" атты сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар". Бұған қоса, "қоғамдағы ахуалды ушықтыруы мүмкін, жеккөрініш тудыратын, қоғамды ыдыратуы мүмкін ақпараттар жарияланған".

Бұған дейін мәдениет министрлігі "Азаттық Медиа" сайтына хат жолдап, "Настоящее время. Азия" YouTube-арнасында жарияланған "Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауыр шайқас" атты тікелей эфир материалын 24 сағат ішінде жоюды талап еткен. Вице-министр С.Н.Нәдірбековтің қолы бар хатта материал "қоғамдағы ахуалды ушықтырып, ел беделіне нұқсан келтіреді" деп жазылған.

Мәдениет министрлігі Азаттық сайтын жапқаннан кейін редакция оқырмандарына VPN арқылы сайтты оқи алатынын хабарлап, VPN-сервистерге сілтемемен бөлісті.

Азаттык – Азат Еуропа/Азаттықтың Қырғыз қызметі Қырғызстанда "Азаттық Медиа" мекемесі ретінде тіркелген.

Азаттык Қырғызстан мен әлемдегі маңызды оқиғалардан ақпарат таратып, материалдарын телеарна, радио, Интернет және әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG