Ссылки доступа

Комитет: Қайрат Сатыбалдының активтері мемлекетке қайтарылды


Kazakhstan - Kairat Satybaldy
Kazakhstan - Kairat Satybaldy

Мемлекеттік кіріс және жекешелендіру комитеті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды активтері мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді.

LS басылымының жазуынша, "Қазақтелекомның" 3 084 893 жәй акциясы (Skyline Investment Company S.A'дің 2 671 481 жәй акциясы, "Алатау Капитал Инвесттің" 413 412 жәй акциясы) республика меншігіне қабылданған.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған құнды қағаздарға бағалау жүргізілгеннен кейін үкімет қаулысы бойынша "Самұрық Қазына" қорының орналастырылған акциясын төлеуге жұмсалады.

Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Биыл қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеуді үкім еткен, мемлекеттік қызметте кемінде он жыл істеуге тыйым салған.

Наурыз айында ұсталған Қайрат Сатыбалдыға "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі сот басталмай тұрып тамыз айында "айыпталушылар иемденген құны 500 млн доллар болатын заңсыз активтер тергеу барысында мемлекетке қайтарылды" деп мәлімдеген. Бұған қоса, Сатыбалды үстінен "салықтан жалтару", "қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру" баптары бойынша да іс тергеліп жатқаны хабарланған.

Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кірген.

2021 жылы Азаттық зерттеуінде Люксембургтың LRB реестрінің мәліметі бойынша, Қайрат Сатыбалды Skyline Investment Company S.A офшор фирмасының жалғыз иесі екені айтылған. Ашық дереккөздер Қайрат Сатыбалды 2016 жылы Alatau Capital Invest компаниясы арқылы "Қазақтелекомның" акциясын сатып алғанын көрсеткен.

XS
SM
MD
LG