Ссылки доступа

Шарль Мишель Қаңтар оқиғасын жан-жақты, әділ тергеудің маңыздылығын атап өтті


Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірігіп өткізген баспасөз жиынында "Қаңтар оқиғасын әділ әрі жан-жақты тергеудің маңыздылығын" атап өтті. 

"Еуроодақ Қаңтар оқиғасын әділ, жан-жақты тергеудің маңыздылығын атап өтеді. ЕО [Қазақстанның] демократияны қолдау, адам құқығын құрметтеу, азаматтар бостандығын қорғау талпынысын қолдайды. Бұл біздің әріптестігіміздің басты элементі" деді Шарль Мишель.

Ол Твиттердегі парақшасында баспасөз жиынынан видео да жариялады.

Баспасөз жиыны кезінде ол Астанадағы АЛЖИР музейіне барып, тоталитаризм режимінің құрбандарына құрмет көрсеткенін де айтып өтті.

Шарль Мишель Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі деді. "Шығыс пен Батыс арасындағы аймақтық көлік байланыс хабы" екенін де атап өтті. "Біз байланысты әрі қарай да әртараптандыруға тырысып жатырмыз" деді ол.

Ақорда хабарламасына Шарль Мишельдің адам құқығы жөнінде айтқаны енбеген. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан президенті Еуропа кеңесі жетекшісімен келіссөз кезінде "Қазақстан Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел" екенін атап өткен.

"Кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, "жасыл" экономиканы дамыту, көлік және логистика мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар олар Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишельді осы аптада Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде Орталық Азия елдері жетекшілерімен кездескенде адам құқықтары мәселелерін көтеруге шақырған еді.

"Биыл Қазақстанда, Өзбекстанда және Тәжікстанда болған ірі дағдарыстар кезінде адам құқықтарының бұзылуына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуіңізді өтінеміз. Қазақстанда, Таулы Бадахшан автономиялы облысында және Қарақалпақстанда билік саясатына қарсы бейбіт акциялар белгісіз себептермен құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласты" деп жазған еді құқық қорғаушылар мәлімдемесінде.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан билігі аталған оқиғалар бойынша тәуелсіз әрі ашық зерттеу жүргізбегенін, кінәлілер жауапқа тартылмағанын атап өткен. Бұдан тысқары олар аталған үш елде дағдарыстан кейін журналистер мен блогерлер қамалып, сөз еркіндігі шектеліп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG