Ссылки доступа

Тәжікстанда тәуелсіз телеарна директоры бұзақылық жасады деп айыпталды 


Сино Ниёзов (сол жақта) және Бехзод Мухаммади
Сино Ниёзов (сол жақта) және Бехзод Мухаммади

Тәжікстанның Пенжикент қаласына жұмыс барысымен барған тәуелсіз "Ориённур" телеканалының директоры Сино Ниёзов бұзақылық айыбымен қамауға алынды. 

Адвокат Наргис Азизкулованың сөзінше, журналистке қарсы қылмыстық іс жергілікті мейрамханадағы төбелеске байланысты қозғалған. Онда билікшіл "Авангард" жастар ұйымының бұрынғы белсендісі, Жастар және спорт істері бойынша комитеттің қызметкері Бехзод Мухаммади зардап шеккен.

Пенжикент қалалық прокуратурасы Сино Ниёзовқа қарсы "бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Егер журналист бұл бап бойынша айыпты деп танылса, бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Озоди радиосы дереккөзіне сүйеніп, Ниёзовқа қылмыстық іс Бехзод Мухаммади жазған арыздың негізінде қозғалған. Ол 9 қыркүйекте Сино Ниёзов үш жолдасымен "Мехр" мейрамханасында сабап, киімін жыртқанын жазған.

Адвокат Наргис Азизкулованың сөзінше, Ниёзов айыптауларды теріске шығарады, алайда мейрамханада билеп жатқан кезде, Мухаммадиге байқаусызда тиіп кеткенін растайды.

26 жастағы Бехзод Мухаммади 2015 жылы Тәжікстанның ішкі істер министрлігі құрған "Авангард" жастар тобының бұрынғы мүшесі. "Авангард" ел сыртында жүрген оппозиция өкілдеріне қарсы жұмыс істеп, халықаралық ұйымдарды Тәжікстанда тыйым салынған партиялар мен қозғалыстарды қолдаудан бас тартуға үндеп келеді.

Тәуелсіз "Ориённур" телеканалының директорының ұсталуы Тәжікстанда қамауға алынған бірнеше журналист пен блогердің ісі бойынша сот отырысы жүріп жатқан мезгілмен тура келді. Олардың біразы ұзақ мерзімге сотталды.

XS
SM
MD
LG