Ссылки доступа

Бір топ белсенді 29 күннен бері аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбайдан акциясын тоқтатуды сұрады


Дүйсенбі, 31 қазанда қоғам белсенділері мен журналистер Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде қамауда жатқан Ермек Нарымбайға барды. 

Кездесуге адвокаты Ғалым Нұрпейісов пен саясаткер Рысбек Сәрсенбай ғана кірді. Екі сағаттан кейін шыққан Рысбек Сәрсенбай Нарымбайдан аштықты тоқтатуды сұрағанын айтты.

- Адвокатымен кездесуге еш кедергі жоқ. Ермектің жағдайына қоғам назар аударып отырғанын айтып, кездесуге рұқсат сұрадым. Қысқа кездесуге рұқсат берді. Ермек таяққа сүйеніп келді. Әлсіреген, бірақ жағдайы жалпы жаман емес сияқты, өзін жақсы ұстап отыр. Су, көк шай ішеді, тамақтан бас тартқан, 114 келіден 85 келіге дейін арықтапты, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, Ермек Нарымбаймен кездесу кезінде алдағы президент сайлауы әңгіме болған. Ермек Нарымбай "президент сайлауының қорытындысын, сайлау хаттамаларын бірден ОСК сайтына шығарса аштықты тоқтататынын, әйтпесе сайлау біткенше аштық акциясын жалғастыратынын" айтқан.

- Ермек осы арқылы күрес үлгісін көрсетіп отыр. Бұл - диванда жатып, не болмаса жалқауланып сайлауға немқұрайды қарайтын адамдарға сабақ болуы керек. Ермек Нарымбай сайлау учаскелерінің барлығында тәуелсіз бақылаушылар болуы тиіс, олар биліктің мәліметтерімен салыстыратындай мәлімет жинауы қажет" деп санайды, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткет. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, жазасының әлі өтелмеген екі жарым жыл мерзімі бар.

XS
SM
MD
LG