Ссылки доступа

БҰҰ-ның жұмыс тобы Кәрім Мәсімовті босатуға шақырды 


БҰҰ-ның Себепсіз қамаулар бойынша жұмыс тобы Астананы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті "тез арада босатуға" шақырды. 

Бұл жайлы экс-шенеунікті қолдау үшін құрылған онлайн-ресурс хабарлады.

БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссарының сайтына жарияланған жұмысшы топтың мәлімдемесіне сәйкес, Мәсімовтің қамалуы негізсіз еркінен ажырату бойынша бірінші және үшінші категорияға тура келіп, Адам құқықтарының жалпы декларациясының 3-, 9-, 10-, 11-баптарының, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактың 14-бабын бұзатынын атап өткен.

Бұдан бөлек мәлімдемеде Мәсімовтің ісінде "құпиялық" көп екені жазылған. Отбасында оның ісі бойынша мәлімет аз, туыстарымен кездесуге рұқсат берілген емес.

"Қазақ үкіметін Кәрім Мәсімовтің негізсіз қамауда отырғанына байланысты істерді тәуелсіз тергеушілердің жүргізуін қамтамасыз етуге және оның құқықтарының бұзылуына жауапты адамдарды тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз", – деп жазылған мәлімдемеде.

Кәрім Мәсімов "Мемлекетке сатқындық жасады", "Төңкеріс жасау әрекеті" және "Коррупция" баптары бойынша айыпталып жатыр. Ол 5 қаңтарда кем дегенде 238 адамның өмірін алған Қаңтар оқиғасы кезінде қызметінен алынып, сол сәтте қамауға алынған. Мәсімов және оның үш орынбасарына қарсы қозғалған қылмыстық істер "құпия" грифімен тергеліп жатыр.

29 қазанда Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Ануар Садыкуловтың қамаудағы мерзімі 6 қазанға дейін ұзартылған. Бұдан бөлек Мәсімовтің бұрынғы орынбасарлары Дәулет Ерғожин 13 желтоқсанда, Марат Осипов 22 желтоқсанға дейін қамауда болатыны хабарланған.

56 жастағы Кәрім Мәсімов елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылдан бергі сенімді серігі ретінде айтылып келеді. Ол арнайы қызметтің басына 2016 жылы келген. 2007-2012 жылдары және 2014-2016 жылдары үкіметті басқарған.

XS
SM
MD
LG