Ссылки доступа

Саяси пана іздеген Асхат Жексебаев пен Диана Баймағамбетова Бішкекте екі айға қамалды


Алматы белсенділері Асхат Жексебаев пен Диана Баймағамбетова Қырғызстанда ұсталып, қамауға алынған. Бұл туралы Азатыққа қырғызстандық адвокат Зарифа Барузова хабарлады.

– Олар қазақ-қырғыз шекарасынан заңсыз өткен. Содан соң босқын ретінде қабылдауды сұрап, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне хабарласқан. Сол күні босқын мәртебесін беру туралы өтініш жазды. Шекарадан заңсыз өткені үшін қылмыстық іс қозғалып, 30 қазанда сот шешімімен екі айға қамалды. Қазір Бішкектегі №1 тергеу изоляторында қамауда отыр, – деді адвокат Барузова.

Адвокат Барузованың сөзінше, қазақстандық белсенділер БҰҰ-ға үндеу жасап, саяси пана сұрауды көздеп отыр.

50 жастағы Асхат Жексебаев пен 30 жастағы Диана Баймағамбетова былтыр қазанда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалыстарын құруға қатысты және оның ісіне араласты" деген айыппен сотталған 13 белсендінің қатарында. Сот Жексебаевты бес жылға түрмеге жіберіп, Баймағамбетованың бостандығын екі жылға шектеген.

Жексебаев биыл мамырда шартты жазамен бостандыққа шыққан. Құқық қорғаушылар Асхат Жексебаевты "саяси тұтқын" деп таныған.

XS
SM
MD
LG