Ссылки доступа

Алматыда бурят журналисін ұстап босатқан


2 қарашада Алматы әуежайында бурят журналисі Евгения Балтатарова ұсталды. Ол бірнеше сағаттан соң өзін босатқанын, бірақ ұстау туралы хаттама алмағанын айтып, Қазақстан құқық қорғау органдарының "заңсыз әрекетіне" шағымданды. Қазақстанның ресми орындары әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Ақпаратқа қарағанда, Балтатарованы сәрсенбі күні Алматы әуежайының төлқұжатты бақылау аймағында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері ұстаған. Журналист Бішкекке ұшпақ болған.

"Мені Қазақстаннан шығармау бойынша шектеу бар екен. Қандай негізде шектеу қойғаны түсініксіз. Мені уақытша қамау изоляторына қамауға апара жатыр" деп жазды Балтатарова ұсталғаннан кейін.

Өзінің айтуынша, ҰҚК өкілдері оны Алматыдағы "бөлімшесіне тапсырған". Телефонын, жеке заттарын тартып алған. "Қолы кісендеулі күйі медициналық тексерістен өткізген". Кейін "кете беруін" сұраған.

– Мен олардан ұстау туралы хаттама мен медициналық тексеріс туралы хаттама беріңіздер, заттарымды қайтарыңыздар дедім. "Ешқандай құжат бермейміз, заттарыңды алып, кете бер" деді. Бұл мен үшін сондай жағымсыз нәрсе. Менімен зат сияқты қарым-қатынас жасады. Бішкек рейсіне жібермей, алып қалды. Ары-бері барып қайтатын 300 долларлық қымбат билеттер күйіп кетті. Жалдаған қонақ үй де құр босқа кетті. Кездесуге бара алмай қалдым. Барлық құқығымнан айырып, бірнеше сағат қала ішінде жүргізіп сандалтып қойды. Заттарымды тартып алды. Ақыр соңында ештеңе болмағандай кете бер дейді, - деді Евгения Балтатарова Азаттық тілшісіне.

Ол бірнеше рет талап етіп жатып, қандай да бір құжаттар ала алғанын, бірақ ұстау туралы хаттама сол күйі берілмегенін айтты.

3 қарашада Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабековаға хабарласқан. Ол ішкі істер министрлігіне хабарласу қажеттігін айтты. Ал ІІМ өкілі Олег Ивашенко бейсенбі күні таңертең мәселеден хабарсыз екенін жеткізді.

Евгения Балтатарова бұған дейін Ресейде өзіне "орыс армиясы туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Журналист Ресей тергеу комитеті бурят басқармасының өзіне іздеу жариялағаны жөнінде қаулы көшірмесі мен Улан-Удэ сотының оны сырттай қамау туралы шілде айындағы шешімін де жариялаған.

Құжатта Балтатарова саясаткер Максим Кацтың орыс әскерінің украин қалаларын атқылауы жайлы твитін қайталап басқаны жазылған.

"Не деген масқара. Мариуполь драма театрына әуеден бомба тастаған, ал ол жақта қорғанып жатқан балалар бар болатын. Қанша адамның қаза болғаны белгісіз, бірақ бомбалағанға дейін ол жақта қанша бала болғанын көріңіз" деп жазылған твитте.

  • Бұған дейін Евгений Балтатарова Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат тарату" ісі бойынша жарияланған іздеу аясында 30 қыркүйекте Астанада ұсталған. Кейін оны босатып жіберген.
  • Ол биыл көктемдегі тінтуден соң Ресейден кетуді жөн көрген. Журналист Ресей құқық қорғау органдары "сыныққа сылтау іздеп", қылмыстық іс қозғауға түрткі болатын жайт табуға тырысқанын айтқан.
  • 7 қазанда Ресей әділет министрлігі Балтатарованы "шетел агенті" деп танып, жеке тұлғалар тізіміне енгізген.
  • Бұған дейін Қазақстан билігі Ресей билігіне қылмыстық істер бойынша халықаралық іздеу жарияланған азаматтарды ғана тапсыратынын мәлімдеген. Евгения Балтатарова Ресейге экстрадицияланған жағдайда "орыс армиясының беделіне нұқсан келтіру" ісі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG