4 қазанда 26 жастағы журналист Абдулло Гурбати 7,5 жылға сотталған. Ол жазасын күшейтілген режимдегі колонияда өтейді. Гурбати "Билік өкілін кемсіту, зорлық-зомбылық көрсету" және "Экстремистік ұйыммен байланысу" баптары бойынша айыпты деп танылған.
Тәжікстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеде журналист экстремизм арқылы тәжік билігінің саясатын жаманатты қылуға әрекет жасаған делінген. Мысал ретінде Абдулло Гурбатидің әлеуметтік желідегі жазбасын тіркеген:
"Бұл ұлттық шынайы жол басшысы болса, бұл өлкеде кем дегенде бір заң жұмыс істейтін еді, бұл үкіметте шынайы бір министр болса, жас жігіт армиядан қашып, екінші қабаттан секірмес еді. Мені қаншалықты балағаттасаңдар да, мен сендердің "жердегі жұмағыңа сенбеймін". Мен ешқандай ұлттық идеяға сенбеймін, ешқандай министрге сенбеймін, мен ұлт лидеріне сенбеймін".
Абдулло Гурбати бұл постын Яван ауданындағы медициналық колледж студенті автобусқа қарсы тас лақтырып жатқан видео астына жазған. YouTube-та жарияланған видеоның авторы бұл автобуспен студенттерді армияға алып кету жоспарланғанын жеткізген Видеода студенттер оқу орнының екінші қабатынан секіріп, қашып жатқаны көрсетілген.
Тәжікстанның бас прокуратурасы Абдулло Гурбатиді Тәжікстанның Ұлттық альянс және Тәжікстанның исламның қайта жаңғыруы партиясымен әріптестік жасады, бұдан бөлек "АздоТВ" сайтының материалдарын пайдаланды деп айыптаған.
26 жастағы Гурбати соңғы үш жылдан бері "Азия Плюс" агенттігі үшін видеоматериалдар әзірлеп келген. Ол бұдан бөлек әлеуметтік желілерде қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, пікірін білдіріп тұрған.