Ссылки доступа

Қарағанды шахтасындағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты


Қарағанды дәрігерлері "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасындағы жарылыстан зардап шеккен төрт адамның жағдайы қандай екенін айтты.

3 қараша түнде компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болған. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түскен еді: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған.

- Токсикология бөлімінде жатқан науқастардың жағдайы тұрақты, біршама оң өзгеріс бар. Санавиациямен жеткізілген, операция жасалған науқастар оңалып келеді. Олар реанимация бөлімінде жатыр, ес-түсін біледі, жасанды тыныс беру аппаратынан ажыратылған. Қазіргі кезде жағдайы ауыр, бірақ тұрақты, – деді Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпсалалық аурухана директорының орынбасары Талғат Жүкен.

Бейсенбіде АМТ жарылыс кезінде жер астында 106 адам болғанын растаған. Компанияның айтуынша, қайғылы оқиға болған жерде өндірісті қайта бастауға дайындық жұмыстары жүргізілген. Шахта жұмысшылары аумақты газдан да тазартқан.

"Аумақтан шығуы тиіс газ жарылысқа түрткі болған, сол жерге жақын жерде жұмыс істеген бес шахтер қаза болды. Тағы төрт қызметкер ауруханаға жеткізілді. Біреуінің жағдайы мүшкіл" деді АМТ 3 қарашада сайтында жариялаған ақпаратта.

Компания сонымен бірге "қайғылы оқиғаның себебі мен барысын анықтау үшін" үкімет құрған комиссияға қатысатынын да айтты.

Қазақстанның төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бейсенбі күні брифинг кезінде "метан газы тарап, жарылғанын" айтқан. Брифингте айтылған мәліметке қарағанда, бір апта бұрын аталған орынға жақын аумақта метан концентрациясының артқаны байқалған. Сол кезде тазарту жұмыстары тоқтатылған.

Ильин бейсенбі күні Ленин шахтасы мемлекет комиссиясының тексерісінен кейін ғана жұмыс істейтінін, АМТ-ның тағы жеті шахтасы жұмысын бір күнге тоқтататынын айтқан. Онда "шахта аумақтары тексеріліп, шахтаға түсетін жұмысшылардан есеп қабылданады, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек".

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин шахтасы бұған дейін премьер-министрге жолданған депутаттық сауалда айтылған еді. Сауалды "Қорғау" көміршілер кәсіподағы және кеншілермен кездескеннен кейін Қазақстан халық партиясы жолдаған. Кеншілер Ленин шахтасындағы проблемалар жөнінде де айтқан.

Шахтинскіде 36 мыңнан астам адам тұрады, еңбекке жарамды халықтың басым бөлігі Ленин шахтасында істейді. Ол Қарағанды көмір бассейніндегі ең ірі шахта саналады.

XS
SM
MD
LG