Ссылки доступа

Қырғызстанда журналист Санрабия Сатыбалдиева мен MIR 24 сайтының операторы ұсталды


4 қарашаға қараған түні Бішкекте журналист Санрабия Сатыбалдиева ұсталды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Азиза Әбдірасулова хабарлады.

Оның айтуынша, аяғы ауыр журналистің денсаулығы нашарлағанына қарамастан оны 48 сағатқа уақытша ұстау изоляторына қамаған. Кейін журналист милиция бөлімшесінен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер әйелге түсік тастау қаупі төнгенін айтқан.

4 қарашада таңертең құқық қорғаушы журналистің халі қайта нашарлап, ауруханаға жеткізілгенін айтты.

Журналистпен бірге оператор Қалыс Әшірбеков те ұсталған.

4 қараша түсте оқиғаға түсініктеме берген Қырғызстан ІІМ "ұсталғандар Жогорку кеңеш депутатынан 2 мың доллар ақша бопсалады" деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

ІІМ айтуынша, аталған істе негізгі күдікті – MIR 24 ақпараттық порталының жетекшісі, Жогорку кеңеш депутаты Кенеш Тазабек Икрамовтың пиар-менеджері С.С.К.

Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірге депутатқа хабарласа алмаған. Сатыбалдиева мен Әшірбаевтың туыстары мен адвокаттары да әзірге байланысты шықпаған.

Санрабия Сатыбалдиева биыл көктемнен бері Бішкекте жұмыс істейді. Оған дейін Жалалабад облысындағы "Аймақ", "Взгляд" газеттерінде және "Шолпан ТВ" арнасында тілші болған.

Қырғызстанда құқық қорғаушылар кейінгі кезде тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым күшейгенін айтып отыр. Елде митингілерден ақпарат тарататын журналист Семетей Таласұлы бір күн бұрын изолятордан үйқамаққа ауыстырылған. Тергеу органдары оны "экстремистік материалдар таратты" деп айыптап отыр. Журналист өзіне тағылған айыпты кәсіби қызметімен байланыстырады.

XS
SM
MD
LG