Ссылки доступа

Тәжік журналисі Завкибек Саидамини 7 жылға сотталды


Завкибек Саидамини
Завкибек Саидамини

Душанбе қаласы Исмоили Сомони ауданының соты 38 жастағы журналист Завкибек Саидаминиді 7 жылға соттады. Бұның алдында прокурор жаза ретінде 7,5 жыл беруін сұраған.

Билік журналисті елде тыйым салынған Ислам өркендеу партиясы мен "24 топ" оппозициялық қозғалысымен байланыс орнатты деп айыптаған. Завкибек Саидамини соттағы соңғы сөзінде кінәлі еместігін тағы мәлімдеді.

Сотталушының адвокаты Зоиршо Давлатёровтың 4 қарашада Озоди радиосына хабарлауынша, сот үкімі 3 қарашада кешке Душанбе қаласындағы тергеу изоляторында өткен сотта шығарылған. "Қорғауымдағы азаматпен ақылдасқан соң соттың жоғары инстанциясына шағымдану жөнінде шешім қабылдаймыз", - дейді адвокат.

Соттың басқа да мән-жайы әзірге белгісіз.

Завкибек Саидаминиді биыл 8 шілдеде Вахдат қаласында жергілікті милиция қызметкерлері ұстады. Кейін оны Душанбе қаласындағы уақытша тергеу изоляторына жеткізді. Журналиске Тәжікстанда тыйым салынған ұйымдармен байланыс орнатты деген айып тағылды.

Завкибек ұзақ жылдары бойы тәуелсіз басылымдарда және Тәжікстан мемлекеттік Бірінші телеарнасында істеген. Журналист әлеуметтік желілерде қоғамның өткір проблемаларын жиі көтерген.

2020 жылы Завкибек Саидамини Тәжікстан парламентінің төменгі палатасына депутат сайлауына өз кандитатурасын ұсынды. Алайда Файзабад ауданының сайлау округы оны тіркемей қойды.

Тәжікстан тергеу изоляторларында қазір тағы үш журналист пен блогер отыр. Олар: Ульфатхоним Мамадшоева, Абдусаттор Пірмұхаммадзода және Хушом Гулям. Бұның алдында Абдулло Гурбати 7,5 жылға, Мамадсұлтон Мавлоназаров (Мұхаммади Сұлтон) 7 жылға және Дәлер Имомали 10 жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG