Ссылки доступа

Тәжікстанда азаматтық белсенді Ораз Вазирбеков 16 жылға сотталды


Ораз Вазирбеков
Ораз Вазирбеков

Тәжікстанда азаматтық белсенді әрі Мәскеудегі памир диаспорасының лидерлерінің бірі Ораз Вазирбеков 16 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Озоди радиосының мәліметіне қарағанда, мұндай үкімді Душанбе қалалық соты 5 қарашада шығарған. Оған сотталушының туыстары қатыстырылмаған.

Ораз Вазирбеков "Экстремизм" және "Интернет арқылы Конституциялық құрылымды құтауға шақыру" баптары бойынша айыпталған. Бұдан бөлек оған тәжік құқық қорғау органдарының 2012 жылғы Хорогтағы арнайы операциясында зардап шеккендерге жөнелткен мигранттардың ақшасын өзі пайдаланып алды деген айып тағылған.

Соңғы жылдары бауыры Рамзи Вазирбеков пен Мәкеуде жұмыс істеген Ораз әлеуметтік желі арқылы тәжік билігінің саясатын сынап келген.

Вазирбековтің туыстары тергеу процесі кезінде бірнеше заң бұзылғанын айтқан. Бұдан бөлек тәжікстандық адвокаттар іс Бадахшан оқиғасына байланысты екенін білгеннен кейін, белсендіні қорғаудан бас тартқан. Мемлекет тарабынан тағайындалған адвокат туыстарымен байланысқа шыққан емес.

Ораз бен Рамзи Вазирбековтар биыл 29 шілдеде Домодедово әуежайында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Ертесіне YouTube арқылы екеуі Хорог оқиғасы бойынша тергеуде жауап беру үшін, Тәжікстанға "өз қалауымен" келгенін мәлімдеген.

Вазирбековтің әйелі Сабрина Отамбекова күйеуі Тәжікстанға өз еркімен келмегенін, интернетке жарияланған видеоны тәжік билігі ұйымдастырғанын жеткізген.

Биыл мамыр айында Таулы Бадахшан автоном облысында ондаған адам өмірін алған қанды оқиғадан кейін Тәжікстанның құқық қорғау органдары жүздеген адамды, оның ішінде жергілікті белсенділерді қамауға алған. Олардың біразы ұзақ мерзімге сотталды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл әрекеті үшін Тәжікстан үкіметін қатаң сынға алып келеді. Таяуда Human Rights Watch ұйымы тәжік билігіне үндеу жасап, Таулы Бадахшан тұрғындарын заңсыз қамауға алуды және әділетсіз сот отырыстарын өткізуді тоқтатуды сұраған.

XS
SM
MD
LG