Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасы: Мәсімов пен орынбасарларының ісі сотқа жетті


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі сотқа жіберілген. Бұл ақпаратты Қазақстан бас прокуратурасы жариялады.

"Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі зерделеу нәтижесі бойынша тергеу органының айыптау актісін бекітті. Іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жолданды" деп хабарлады Бас прокуратура.

Бас прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазым өкілетін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылық алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілген.

Бас прокуратура ақпаратында "ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазым өкілетін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылық алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталып отыр (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы)" деп көрсетілген.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов , ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары Д. Ақыповқа және ҰҚК-ның басқармасының бұрынғы бастығы Н. Бекмұратқа Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.

"Қылмыстық іс "өте құпия" белгісімен тергелген және сотпен де осы тәртіпте қаралатын болады" дейді Бас прокуратура.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен көп жыл бірге жұмыс істеген Кәрім Мәсімов биыл Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған.

ҰҚК қазан айында Кәрім Мәсімов пен бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловты қамау мерзімін 6 желтоқсанға дейін, Дәулет Ерғожин мен Марат Өсіпті қамау мерзімін 13 және 22 желтоқсанға дейін ұзартқан. Ақыпов пен Бекмұраттан "ешқайда кетпеу жөнінде" қолхат алынған.

Азаттық ауыр айып тағылып, қамауда отырған ҰҚК бұрынғы лауазымды қызметкерлерінің адвокаттары я туыстарымен байланысуға тырысып көрді, бірақ ешқайсысы пікір айтуға ықылас білдірмеді.

Биыл 25 тамызда ҰҚК "Кәрім Мәсімов ісі" бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған.

Қазанның аяғында БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Астананы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті "шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға" шақырған. Бұл жөнінде бұрынғы шенеунікті қолдауға арналған онлайн-ресурс хабарлаған.

Адам құқығы бойынша жоғарғы комиссар басқармасы сайтында жарияланған жұмыс тобының қорытындысында Кәрім Мәсімовті бостандығынан айыру кезінде Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясының 3, 9, 10 және 11 баптары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9, 14-баптарына қайшы іс-әрекет жасалғаны атап көрсетілген.

Бұған Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстан халықаралық практиканың барлық нормасын сақтай отырып, ұлттық заңнамаға сәйкес толық жауап береді. Қозғалған мәселені артық саясиландырмай нақты фактілерді келтіре отырып талқылауға дайынбыз" деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG