Ссылки доступа

Америкалық екі сенатор Душанбені журналистерді қудаламауға үндеді


Боб Менендес
Боб Менендес

АҚШ-тың екі сенаторы Тәжікстанда үкіметтің сөз бостандығын қорғай алмай отырғанын айтып, елдегі журналистердің қудалауға ұшырап жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Кейінгі жарты жылда Тәжікстанда жеті журналист пен блогер қамауға алынды, төртеуіне үкім шығып үлгерді. Азаттық радиосы Тәжік қызметінің тілшілері бірнеше жылдан бері аккредитация ала алмай жүр.

АҚШ конгрессі сенатының сыртқы істер жөніндегі комитетінің сенаторы Джим Риш пен сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Боб Менендес Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға хат жолдап, елдегі журналистер қудалауға ұшырағаны, сонымен бірге Озоди радиосы қызметкерлерінің жұмысына кедергі жасалғаны туралы жазды.

2 қарашада жолданған хатта былай делінген: "Кейінгі кезде тәуелсіз БАҚ-ты басып, журналистерді, әсіресе Азаттық радиосының Тәжік қызметі тілшілерін қудалау жүріп жатқаны алаңдатады".

Сенаторлардың пікірінше, "мұндай жағдай біздің елдер арасында тығыз байланыс орнату жолындағы жеткен жетістіктерге кедергі келтіруі мүмкін".

Джим Риш пен Боб Менендес журналистерге қатысты қысым мен қудалаудың кез келген түрін қолдануды тоқтатуын сұрады.

Америкалық сенаторлар Озоди радиосы журналистерінің аккредитациясы мәселесін 2019 жылғы хатта да көтергенін еске салды. "Біз тез жауап беруіңізді күтеміз", — деп жазды олар.

Тәжікстан үкіметі АҚШ сенаторының хатын алған-алмағанын әзірге хабарламады. Оның жауабы қандай болары да белгісіз.

XS
SM
MD
LG