Ссылки доступа

Тәжікстанда тағы бір азаматтық белсенді 13 жылға сотталды 


Рамзи Вазирбеков

Душанбе қалалық соты тәжік билігін ашық сынап жүрген азаматтық белсенді Рамзи Вазирбековті 13 жылға бас бостандығынан айырды. 

Ақпаратқа қарағанда, сот Таулы Бадахшан автоном облысында туып-өскен Вазирбековті "Қылмыстық ұйымдарға қатысы бар" және "Конституциялық құрылымды күшпен құлату" баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Белсенділердің ісі бойынша сот отырысы 5 қарашада жабық өткен. Сот үкімі туралы мәлімет тек 8 қарашада белгілі болған.

Өткен аптада Душанбе қалалық соты 5 қарашадағы сот отырысында Рамзи Вазирбековтің бауыры Ораз Вазирбековті 16 жылға бас бостандығынан айырғаны белгілі болған. Ол "Экстремизм" және "Интернет арқылы Конституциялық құрылымды құлатуға шақыру" баптары бойынша кінәлі деп танылған.

Ағалы-інілі Вазирбековтер өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Олар Мәскеуде жұмыс істеп келген, тәжік билігін әлеуметтік желі арқылы сынап жүрген. Екеуі де Ресей азаматтары.

Олар 29 шілдеде Мәскеу әуежайында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Біраз күннен кейін Душанбеде тергеу абақтысында отырғаны белгілі болған.

Мәскеудегі памир диаспорасының белсенділері, Вазирбековтердің туыстары оларды тәжік қауіпсіздік қызметі күшпен алып кеткенін айтады.

Таулы Бадахшан автоном облысында 14 мамырдан бастап наразылық акциялары басталған. Күш органдары 18 мамырда жолды жапқан адамдарды "деструктивті күштер" деп атап, оларға қарсы "антитеррорлық операция" жүргізген. Онда "сегіз содыр өлтіріліп, 11-і жарақат алды" деп мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 220 адам қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG