Ссылки доступа

Германия полициясы Әлішер Османов ісі аясында UBS банкті тексерді


Германия полициясы Швейцарияның UBS банкінің жергілікті бөлімшелерінде ұлты өзбек ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың ісі аясында тінту жүргізді. Қаржы мекемесінің Майндағы Франкфурт пен Мюнхен қалаларындағы бөлімшелері тексерілді.

Der Spiegel басылымының хабарлауынша, Германия федералды прокуратурасы Әлішер Османовты салық төлеуден жалтарды, сыртқы сауда заңнамаларын бұзды және қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастырды деп айыптап отыр.

Ресей Украинаға басып кірген соң Әлішер Османов Еуроодақтың президент Владимир Путиннің жақтастарына салған санкциясына ілікті. Forbes Османов байлығын 14,6 миллиард долларға бағалаған.

Мәліметке қарағанда, кейінгі бірнеше айда Федералдық барлау бююросы Әлішер Османов ақша заңдастыруға қатысты жүздеген банк операциясын жүргізгені туралы мәлімет алған. Басылым мәліметінше, UBS банкі де миллардердің күмәнді операциялары жөнінде Германия үкіметіне хабарлаған.

Тергеушілерді Әлішер Османовтың UBS банкте 2018-2020 жылдар аралығындағы кем дегенде 2 млн еуро ақша аударымы қызықтырып отыр.

Османовтың ресми өкілі журналистерге миллиардерге айып тағуға негіз жоқ екенін айтып, кәсіпкер салықты Ресейде төлейтінін мәлімдеді. Der Spiegel газетінің мәліметінше, неміс үкіметі Османов салықты Германияда төлеуге міндетті деп есептейді. Өйткені Украинадағы соғысқа дейін ол негізінен Бавариядағы зәулім сарайында тұрған.

Санкцияға сәйкес миллиардерге Еуроодаққа кіруге тыйым салынған, ал оның ЕО-дағы активтері бұғатталған. Наурыз айының басында француз билігі Әлішер Османовқа қатысы бар делінетін екі тікұшаққа арест қойды. Ал Германия үкіметі болса миллиардердің 600 млн доллар тұратын "Dilbar" яхтасын бұғаттады. Италиялық басылымдардың хабарлауынша, Сардинияда Османовқа тиесілі вилла құлыпталды.

XS
SM
MD
LG