Ссылки доступа

Иран Шираздағы кесенеге шабуылдаған тәжік азаматы паспортының суретін жариялады


Иран ислам революциясы күзет корпусына қатысы бар "Тасним" ақпарат агенттігі 27 қазанда Шираздағы Шах-Черах кесенесіне жасалған шабуылдың мән-жайын хабарлады.

Агенттік мәліметінде Тәжікстан азаматы шабуылдағы басты күдікті, ал Әзербайжан азаматы ел ішіндегі террористік топ әрекеттерін үйлестіруші деп аталды.

Агенттік Ирандағы шиіт қасиетті орындарының бестігіне кіретін кесенеге шабуылдағандар паспортының суретін жариялады. Басты шабуылдаушы Комрон Субхон, 23 жастағы тәжік азаматы. Паспорт 2017 жылғы 8 қыркүйекте Гиссар қаласында берілген.

Тәжік жағы әзірге бұл мәліметке қатысты мәлімет таратпады. Гиссар қаласының ішкі істер департаментінде бұл іс туралы мәлімет жоқ.

"Тасним" ақпарат агенттігі кесенеде оқ атқан "Ислам мемлекеті" ұйымының содыры Комрон Субхон, оның лақап аты "Әбу Аиша" екенін хабарлады. Ол Иранның оңтүстігіндегі ауруханада шабуылдан бірнеше күннен соң жарақаттан қайтыс болды. Комрон Субхон туралы қосымша мәлімет жоқ. Оның Иранға қалай тап болғаны да белгісіз.

Еске салайық, 26 қазанда үш адам Ирандағы ең ірі кесенелердің бірінде оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, шабуылдан 15 адам мерт болып, 27 адам жараланды.

Иран барлау ісі министрлігінің мәліметінше, Шах-Черах кесенесіне шабуыл ұйымдастырды деген күдікпен 26 адам ұсталған. Олардың бәрі Әзербайжан, Тәжікстан және Ауғанстан азаматтары.

XS
SM
MD
LG