Ссылки доступа

Қазақстанда Ресейден келген мигранттарға арналған қызмет көрсету орталықтары жабылды


Қазақстанда Ресейден келген мигранттарға арнайы ашылған қызмет көрсету орталықтары 8 қарашадан бастап жұмысын тоқтатты. Ерекше режимде жұмыс істеген Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығы да жабылды. 

Бұл жөнінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемкорпорация шешімді шетел азаматтары тарабынан қызмет түріне сұраныстың азаюымен түсіндірді.

Ресейден келген мигранттарға арнайы ашылған Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Мемкорпорацияның хабарлауынша, жеке сәйкестендіру нөмірін алғысы келетін шетел азаматтары кез келген халыққа қызмет көрсету орталығы немесе банк бөлімшесіне барып өтініш түсіре алады.

Информбюро сайтының хабарлауынша, жалпы республика бойынша резидент емес азаматтардан ЖСН-ға өтініш беру азайған. Соған орай Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында ерекше режимде жұмыс істеген халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылған.

21 қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да ағылып, елдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек қалыптасқан еді. Қазан айында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин негізгі орталықтарға салмақты азайту үшін қосымша халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғанын хабарлаған. Министрлік сонымен бірге ЖСН алу үшін орталыққа екінші рет келудің қажеті жоғын, ЖСН адамдарға SMS түрінде жіберілетінін айтқан.

Қазан айының соңындағы үкімет мәліметі бойынша, 21 қыркүйектен бері шамамен 200 мың шетел азаматы ЖСН алуға өтініш берген. ЖСН-сыз шетел азаматтары мен ұйымдары мемлекеттік органдардың қандай да бір қызмет түрін пайдалана алмайды, банк операцияларын да жүргізе алмайды.

Қазақстан шекара қызметі 21 қыркүйек пен 3 қазан аралығында шамамен 300 мың ресейлік келгенін, шамамен жартысы елден шығып кеткенін мәлімдеген. Халықтың алаңдаушылығын басуға тырысқан Қазақстан билігі келгендердің басым бөлігі елді транзит ретінде пайдаланатынын, көбі үшінші елге кететінін айтқан. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қазан айында Ресейден келіп жатқандардан кетіп жатқандар көп деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG