Ссылки доступа

Ермек Нарымбайдың аштық ұстағанына 40 күн: Адвокат белсендінің кездесуге шамасы жетпегенін айтты


Белсенді Ермек Нарымбайдың түрмеде аштық жариялап жатқанына 40 күн болды. Адвокаты Жанар Балғабаева 10 қарашада түрмеге барғанмен Ермек Нарымбаймен кездесе алмаған, себебі белсендінің төсектен тұрып, шығуға шамасы жетпеген.

– Алдында дүйсенбі күні барған кезде Ермек жүріп жүрген. Ол кезде кәдімгідей ұзақ жүрген. Ермек энергиясын үнемдеп, күрт қимылдамауға тырысатыны түсінікті. Ол өз акциясын "бас айналу акциясы" деп те атайды, себебі басы үнемі айналады. Ол кез келген нәрседен позитив табуға тырысып, осылайша әзілдейді. Міне, сондай "бас айналу" акциясында оның адвокатқа шығуына шамасы жетпеді. Дәрігердің айтуынша, қазір оны күштеп тамақтандыруға негіз жоқ. Қазір тікелей Ермек Нарымбай жатқан жерге кіргізуге рұқсат сұрап, полиция департаментіне өтініш әзірлеп жатырмын. ҚАЖК не деп жауап беретіні белгісіз, себебі бұған дейін олар сотталушылар тұратын жерге адвокат кіргізілмеуі тиіс деген, - дейді Жанар Балғабаева.

Осыған дейін Ермек Нарымбайдың түрме медпунктіне жатқызылғаны хабарланған еді. Қазан басынан бері аштық ұстап жатқан белсенді әділ сайлау өткізу, сайлау учаскелерінің хаттамаларын ОСК сайтына жариялауды талап етіп отыр. Белсендінің денсаулығы нашарлап бара жатқан шақта жақтастары мен адвокаттары, жақындары Нарымбайдың хәліне алаңдайды.

"Орталық сайлау комиссиясын Нарымбайдың талабына құлақ түріп, әділ сайлау өткізуге және сайлау хаттамаларын сайттарына жариялауға уәде беруге шақырамын. Сол кезде Ермек аштығын тоқтатар еді. Оның жағдайы әбден нашарлады" деді Жанар Балғабаева.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзіне қарағанда, аштыққа дейін Ермек Нарымбайдың салмағы 105 килограмм болса, 10 қараша күні 83 килограмм болған. Қан қысымы 130-180 аралығында құбылып тұр. "80-ге дейін түсіп кететін кездер болады" дейді адвокат.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.

  • Құқық қорғаушылар түзген "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық іс бойынша жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.
  • 2016 жылы Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кетіп қалған еді. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралған белсендіні Алматы әуежайында ұшақтан түскен бетте полиция ұстап әкетіп, қамаған. Адвокаттың айтуынша, Нарымбайға сот кескен жаза мерзімінің әлі өтелмеген екі жарым жылы бар.
XS
SM
MD
LG