Әкімшілік сот оны бейбіт жиынды өткізу тәртібін бұзды деген айыппен алты тәулікке қамау туралы шешім шығарған.
2011 жылы Естай Қарашаев мұнайшылардың айлығын көтеруді талап еткен көптеген наразылық акцияларының белсенділерінің бірі болды. Мұнайшылар наразылығын басу кезінде кемінде 17 адам қаза тауып, жүзден астамы жараланған.
Қарашаевтың туыстары полиция whatsApp мессенджеріндегі "Жаңаөзен жанашырлары" тобына 20 қарашада митингке шығып, "әкімдікті басып алуға" үндеген пост жариялады деген айып таққанын айтады.
Сонымен бірге Алматыда тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының белсендісі Әсет Әбішев ұсталды.
Дәл осы күні, 15 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын қоғам белсендісі Серік Ыдырышевті Бобровка ауылындағы үйінен полиция алып кетті. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Гүлмира Базарбекқызы айтты.
- Серік 2019 жылы "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталып, қамалған. Осы жолы Марқакөлге (Күршім ауданы – Ред.) барғанымызда тұратын жеріңнен ескертпей кетіп қалдың деп полиция ескерту жазып берді. Шынын айтқанда, ешқайда шықпау туралы қағаз расымен бар ма, жоқ па білмейміз. Полицияда мұндай шектеу бар екенін растайтын қағазды көрсеткен жоқ. Бір жылдан астам уақыттан бері Серік ештеңе істемеп еді, тыныш болатын, осы сайлау қарсаңында ұсталды, енді полиция себеп табатын шығар, - деді Гүлмира Базарбекқызы.
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің белсендінің үйіне барған видеосы тарады.