Ссылки доступа

Бішкектегі сот экс-депутат Орозайым Нарматованы босатпады


Бішкек қалалық соты 16 қарашада Жогорку Кенештің экс-депутаты Орозайым Нарматованың апелляциялық шағым қарады. Саясаткер "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды" деген күдікпен ұсталған.

Сот шағымды қанағаттандырмай, Нарматованы тергеу изоляторында қалдырды. Бұның алдында 1-май аудандық соты оны 20 желтоқсанға дейін қамауда ұстау жөнінде шешім шығарған.

Қалалық сот отырысында фото-видео түсіруге рұқсат берілмеді. Соған байланысты Нарматованың адвокаты сот алқасына сенімсіздік білдірген, алайда сот мұндай арызды қанағаттандырмады.

Орозайым Нарматова – "Кемірабад ісі" бойынша ұсталғандардың бірі. Ол 27 қазанға қараған түні Мәскеуде ұсталды. Экс-депутатты Қырғызстан ІІМ іздеуге берген. Сол шамада Бішкек қалалық кенешінің бұрынғы депутаты, белсенді Илгиз Шәменовтің де ұсталғаны мәлім болды.

28 қазанда құқық қорғау органдары Нарматова мен Шәменовті Бішкекке жеткізіп, ертесіне тергеу изоляторына 20 желтоқсанға дейін отырғызды.

Бұның алдында Бішкекте саясаткерлер мен белсенділерді жаппай ұстаған. Астанада барлығы 26 адам қамауға алынды. Олардың бәрі қылмыстық қудалауды Кемпірабад су қоймасына қатысты ұстанымымен, оны қорғау жөнінде комитет құрғанымен байланыстырды.

XS
SM
MD
LG