Ссылки доступа

Өзбекстан сенаты қырғыз-өзбек шекарасы туралы келісімді мақұлдады


Өзбекстан парламентінің жоғары палатасы Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтерінің шекараның жекелеген учаскелері туралы келісім-шартты, Кемпірабад су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі үкіметаралық келісімді мақұлдады.

Өзбек парламентінің 100 сенатордан тұратын жоғары палатасы құжаттарды бірауыздан мақұлдады.

Туризм, шетел инвестициясы, сыртқы экономикалық байланыстар, халықаралық қатынас мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Раушанбек Әлимов баяндама жасап, Кемпірабад су қоймасы Өзбекстан үшін стратегиялық маңызды екенін, ал шекара жөніндегі келісім Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы даулы мәселелере нүкте қоятынын айтты.

Сенат төрайымы Танзила Нарбаеваның мәлімдеуінше, шекара жөніндегі келісім-шарт екі ел арасында жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешеді.

Өзбекстан парламентінің заң шығарушы палатасы келісімді 14 қарашада мақұлдаған.

17 қарашада Қырғызстан Жогорку Кенеші қырғыз-өзбек шекарасына қатысты келісім-шартты ратификациялау жөніндегі заң жобасын үш оқылымда бірден қабылдаған. Құжатты 64 депутат қолдаса, 19 депутат қарсы дауыс берді. Сонымен бірге депутаттар Кемпірабад су қоймасының су ресурстарын Өзбекстанмен бірлесіп басқару жөніндегі келісімді де үш оқылымда қолдады.

Қырғызстанда Кемпірабад су қоймасын беруге қарсы шыққан саясаткерлер мен белсенділер "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды" деген күдікпен ұсталған. Елде осындай айыппен барлығы 26 адам қамалған. Саясаткерлер мен белсенділер қудалауға ұшырағанын Кемпірабад су қоймасын қорғау жөнінде комитет құрғанымен байланыстырып отыр.

XS
SM
MD
LG