Ссылки доступа

Elmedia редакциясы біреулер кеңсе витринасын шағып кеткенін хабарлады


23 қарашаға қараған түні белгісіз біреулер Elmedia кеңсесінің әйнегін тағы шағып кеткен. Бұл жөнінде Elmedia Телеграм-арнасында хабарлады. Редакция өкілдерінің айтуынша, бұл жолы "екінші қатардағы әйнектер шағылған".

"Бүгін түнде Elmedia редакциясы орналасқан ғимаратқа кіреберіс жердегі витриналар тағы шағылды. Бұл жолы екінші қатардағы әйнектер сынған.

Естеріңізге салсақ, кіреберістегі әйнекті сайлау алдында түнде таспен атып кекен еді. Оның алдында қазан ортасында соған ұқсас екі шабуыл болған. Әр оқиға сайын полиция келген, онда да үлкен топпен, үлкен бастықтармен келген. Көп бірдеңе істеді, саусақ іздерін алды, жүргендердің бәрінен сұрады. Бірақ нәтижесінде ештеңе жоқ. Редакция телефоны мен жоба жетекшісі Гүлжан Ерғалиеваға жасалған шабуыл бойынша да еш нәтиже жоқ" деп жазылған Elmedia таратқан хабарламада.

Редакция өкілдері полиция қашан қылмысты ашады деп қол қусырып отырмайтынын, Elmedia эфирі арқылы "жауап беретінін" мәлімдеді.

Елде кезектен тыс президент сайлауы өтпей тұрып 20 қарашаға қараған түні Elmedia кеңсесі есігінің терезесін шағып кеткенін хабарлаған еді. Редакция оқиғаны "журналистерге ескерту" және "редакцияның жұмысын қиындатып, оларды ғимараттан көшіруге мәжбүрлеу талпынысы" деп бағалаған. Оның алдында қазан айында белгісіз біреулер редакция кеңсесі есігінің терезесін сындырып, кіреберіс жерге "Elmedia. Kz News" деп жазып кеткен.

Қазақстан халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" 180 елдің арасында 122-орында тұр. Құқық қорғаушылар елде сөз бостандығының ахуалын күрделі деп бағалайды.

XS
SM
MD
LG