Ссылки доступа

Тәжікстанда ИМ содыры "Абу Довудтың" соты басталды 


 Парвиз Саидрахмонов ("Абу Довуд") 
Парвиз Саидрахмонов ("Абу Довуд") 

Душанбе қалалық сотында "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі Парвиз Саидрахмоновтың (Абу Довуд) ісі бойынша сот отырысы басталды. 

Ақпаратқа қарағанда, Абу Довуд еліне бір ай бұрын экстрадицияланған. Ол Тәжікстандағы, Ресейдегі және Швециядағы террористік актіге қатысы бар деген күдікке ілінді.

"Озоди" радиосы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлағандай, 35 жастағы Парвиз Саидрахмонов "Терроризм", "Адам өлтіру", "Кепілдікке алу", "Шетелдегі соғыс әрекеттеріне қатысуға үндеу" және "Террористік топты ұйымдастыру" баптары бойынша айыпталып жатыр.

"Егер сотталушы кінәлі деп танылса, 25 жылға не өмір бойы түрме жазасына кесілуі мүмкін", - дейді дереккөз.

Тәжікстанға Саидрахмонов пен оның әйелі Мадина Бондаренко мен төрт баласы да жеткізілген.

"Менің қызым Ресей азаматы. Оны алдап Сирияға шығарып алған. Мен орыс билігінен қызымды және немерелерімді қайтарып беруді өтіндім", - дейді Мадина Бондаренконың анасы Оксана Жейлиева.

Тәжікстан билігі Парвиз Саидрахмонов ИМ-нің ең қауіпті үгітшілердің бірі екенін мәлімдеген. Ақпаратқа қарағанда, ол ИМ қатарына 200-ден астам адамды азғырған. Туыстарының айтуынша, Саидрахмонов Ресейде жүріп, ол жақтан Иракқа барып, террористік ұйымға қосылып кеткен.

Абу Довуд деген атпен белгілі Парвиз Саидрахмонов түрік әскері тарапынан 2018 жылы ұсталған. Түркияның TRT Haber телеканалы 2019 жылы Африн түрмесінен түсірілген репортажды көрсеткен. Онда Абу Довуд сөйлеп, Тәжікстанда туып-өскенін, аймаққа Сирия режиміне қарсы соғысқа қатысу үшін келгенін айтқан. Кейін онымен бірге қамалғандар Абу Довудтің "жоғалып кеткенін" жеткізген.

2021 жылдың соңында оның әйелі және төрт баласымен Сирияның Жараблус аймағындағы босқындар лагерінде жүргені туралы мәлімет тараған.

Түркия биыл шілде айында Тәжікстан билігінің өтініші бойынша Парвиз Саидрахмоновты еліне экстрадициялаған.

Бүгінгі күнге дейін Сирия мен Ирактан ИМ тобының тәжік сарбаздарының 220 әйелі мен балалары Тәжікстанға қайтарылған.

XS
SM
MD
LG