Ақпаратқа қарағанда, Алифшоевті өткен аптада Мәскеуде тұрып жатқан пәтерінен ұстап әкеткен.
"Олар Алифшоевті пәтеріне кіріп, алып кетті. Бірнеше күннен кейін Амид жақындарына телефон соғып, әуежайда екенін, Тәжікстанға экстрадицияланып жатқанын жеткізген", - деді дереккөздің бірі.
Әзірге Ресей мен Тәжікстанның құқық қорғау органдары Амид Алифшоевтің ұсталуы бойынша ресми пікір білдірмеді.
Оның туыстары не үшін ұстағанын білмейді. Себебі, оның әлеуметтік желіде бірде-бір парақшасы болмағанын, билікке қарсы пікір білдірмегенін айтады.
Осыған дейін Pamir Daily News интернет-порталы соңғы жарты жылдың ішінде Ресейде кем дегенде 20 таулы бадахшандық ұсталғанын мәлімдеген.
Басылым мәліметіне қарағанда, 17 қарашада Санкт-Петербург қаласында Хорогта туып-өскен Фируз Мамадёрбеков ұсталды. Ол 22 қарашада өмір бойы еркінен ажыратылған бұрынғы командир Толиб Айёмбековтің досы екені айтылып келеді.