Ссылки доступа

Еңбек министрі: 21 қыркүйектен бері Ресейден 400 мыңнан астам адам келіп, 320 мыңнан астам адам кеткен


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ресей қыркүйекте ішінара мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға Ресейдің қанша азаматы келіп, қаншасы кеткенін айтты. Бұл жөнінде Tengrinews.kz жаңалықтар порталы хабарлады.

Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Тамара Дүйсенова "Күнделікті мәліметтерге қарағанда, 400 мыңнан сәл астам адам келіп, 320 мыңнан сәл көп адам кеткен" деді.

Оның сөзінше, 100 мыңға жуық адам әзірге Қазақстанда қалып отыр. "Бірақ еңбек мигранттары жайлы айтатын болсақ, онда былтырғымен қоса алғанда Ресейдің 22 мың азаматы Қазақстанда жүр" деді ол.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты "ішінара" мобилизация туралы жарлық шығарған.

4 қазанда Қазақстан ішкі істер министрі 21 қыркүйектен бері елге 200 мың ресейлік кіріп, 147 мың адам шыққанын, 21-28 қараша аралығында Ресейден келген мигранттар әдеттегіден 2-3 есе көбейгенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG