17 қарашада Жогорку Кеңеш заң жобасын бірден үш оқылымда қабылдаған.
Қырғыз президенті әкімшілігінің мәліметінше, келісімге екі ел арасындағы 302,29 шақырым шекара сызығы енген.
Қырғыз парламентінде бұл құжат даулы пікір-талас арқылы қабылданды. Ондағы басты мәселе Кемпірабад су қоймасы маңындағы жердің Өзбекстанға өтуі. Бұл қоғам наразылығын да туғызған. Отызға жуық саясаткер мен белсенді ұсталды. Қазір олар тергеу абақтысында отыр. Бірақ келісімде су қоймасын екі ел бірлесіп басқаратыны айтылған.
Өзбек басылымдарының хабарлауынша, шекара сызығы өзгергеннен кейін Қырғызстан аумағына өтіп кеткен ауылдың 130 отбасын өзбек жеріне көшіреді. Көшіру жұмысына 4,5 млн доллар бөлінген екен.