Ссылки доступа

Тәжікстан: келінін өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген ененің жаза мерзімі қысқарды


Тәжікстанның Файзабад ауданында келінін өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деген айыппен жеті жылға сотталған Бибікалон Назированың түрмедегі мерзімі екі жылға қысқарды.

Тәжікстан Жоғарғы соты Назированың кассациялық арызын жартылай қанағаттандырып, жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға қысқартты. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметінің дереккөздері хабарлады.

Бибікалон Назированың келіні Манораи Абдуфаттохтың (Абдуалимзода) өлі денесі 2021 жылғы маусымда Файзабад ауданындағы пәтерден табылған. Марқұмның денесі 26 мәрте пышақталғаны анықталған. 1 қарашада сот Назированы кісіні өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деген айыппен жеті жылға соттады. Айыпталушы сотта келінімен арасы дұрыс болмағанын мойындап, бірақ бұл жайт оның өз-өзіне қол жұмсауға себеп бола алмайтынын айтқан.

Манораи Абдуфаттохтың туыстары Жоғарғы сот шешімімен келіспейді.

"Жоғарғы сот судьясы арызды қараған уақытта сотталған азаматтың әйел екені ескерілгенін айтты. Осы әділетті ме? Өмірден өткен қызым әйел емес пе? Жоғарғы сот шешімімен келіспеймін, шағым түсірем", - дейді марқұмның әкесі Абдуфаттох Мисоков.

Манораи Абдуфаттох қалай өз-өзін 26 мәрте пышақтаған деген сауал жауапсыз қалды. Тәжікстан Бас прокуратурасының 2 шілдеде жариялаған ресми мәлімдемесінде "туыстарының өктемдігіне төзе алмаған" келіншек қарны мен мойнына пышақ салған, соның салдарынан қансырап өлген деп жазылған.

Манораи Абдуфаттохтың артында үш баласы қалды. Балалардың үлкені алты жаста, кенжесі - екі жарым жаста.

XS
SM
MD
LG