Ссылки доступа

Путин мен Мирзияев телефон арқылы сөйлесті. Ресми сайттарында "газ одағы жөнінде" айтылмайды


Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев 30 қарашада телефон арқылы сөйлесіп, "көпжақты әріптестікті дамытудың маңызды мәселелерін" талқылады деп хабарлады Мирзияев әкімшілігі.

Кремльдің хабарлауынша, тараптар телефон әңгіме барысында сауда-экономикалық әріптестікті, оның ішінде "болашағы бар ортақ жобаларды жүзеге асыру" мәселелерін де сөз еткен. Екі ел президенттерінің баспасөз қызметі Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында "газ одағын құру" идеясы жөнінде ештеңе жарияламады.

Екі күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Путиннің Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында "әлдебір үштік одақ құруды" ұсынғанын мәлімдеген.

"Бүгін Владимир Владимировичпен сөйлестім, ол бізге үш жақты одақ құру керек екенін және Өзбекстан президентіне телефон соққалы отырғанын айтты. Түпкілікті қорытынды мен келісімге келу үшін мамандарымызды айтпағанда, бізге, маған да бұл тақырыпқа егжей-тегжейлі дендей ену керек", – деді Тоқаев 28 қараша күні Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу кезінде.

Ертесінде Ресей және Қазақстан президенттерінің баспасөз қызметтері мәселе "Ресей газын Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы тасымалдау кезінде әрекеттерді үйлестіріп отыратын газ одағы жөнінде болып отыр" деп мәлімдеген.

Өзбек жағы Путиннің ұсынысына реакция білдірмеген.

Кремльдің Путин мен Мирзияевтің телефон әңгімесі туралы хабарламасында Өзбекстан мен Ресей арасындағы ортақ жобалар екі елдің премьер-министрлерінің Самарқандағы кездесуі барысында "егжей-тегжейлі қарастырылады" деп жазылған. Орыс үкіметінің жетекшісі Михаил Мишустин Өзбекстанға 1 желтоқсанда барады.

Мишустиннің сапары алдында Өзбекстанда Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин болып кеткен. Ол президент Шавкат Мирзияевпен кездескен. Кейін Ресей жағы Володиннің Ташкентті "АҚШ-пен әріптестікті нығайтудан" сақтандырғанын хабарлады. Спикер "Вашингтонмен әріптестік Еуропада экономикалық қиындықтар тудырды" (Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясының Еуроодақ экономикасына әсерін меңзеген болуы мүмкін) деп мәлімдеген.

Сарапшылардың пікірінше, ақпан айында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің Орталық Азиядағы одақтастары Кремльден алшақтай бастаған. Бес елдің ешқайсысы басқыншылықты қолдаған жоқ және Украина аймақтарының аннексиясын мойындаған жоқ. Дегенмен Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді Орталық Азия елдері басқыншылықты ашық айыптамады да. ОА елдері аймақтағы негізгі ойыншылар – Ресей, Қытай және Батыс елдерімен қарым-қатынаста тепе-теңдік сақтауға ұмтылып келеді.

XS
SM
MD
LG