Ссылки доступа

Тәжікстанда әскерге жарамсыз жігітті армияға жіберген


Мехровар Усмонов

30 қарашада Тәжікстанда азаматтарды міндетті әскери қызметке қабылдаудың күзгі науқаны аяқталды. Алайда Қорғаныс министрлігі әскерге қабылдау жоспары қанша пайызға орындалғаны туралы есеп бермеді.

Министрлік қарашаның ортасында жоспар 81 пайызға орындалғанын хабарлаған. Бұған дейінгі жылдары жоспар орындалғаны туралы есеп қараша басталғанда-ақ жарияланатын.

Кейінгі бірнеше күнде жастарды армияға "ұрлап әкету" оқиғалары туралы жиі айтылды. Азаттықтың Тәжік қызметі сайтының ондаған оқырманы туыстарын әскерге мәжбүрлеп алып кеткені жөнінде хабарлады. Олардың арасында әскерге жарамсыздар да бар.

Истаравшан тұрғыны Махбуба Рахматованың айтуынша, 26 қарашада Канибадам қалалық әскери комиссариатының қызметкерлері оның 23 жастағы ұлы Мехровар Усмоновты көшеде ұстап, комиссариатқа алып барған. Мехровардың туабітті ауруы барына қарамастан, оны армияға жіберген. "Ұлымды әскерден қайтаруын талап етемін. Тәжікстанда дені сау жігіт қалмады ма?" - деп ашуланды мүгедек баланың анасы.

Махбуба Рахматова ұлына үнемі күтім қажет дейді. Мехровар тамақты өз бетімен іше алмайды, оның үстіне нашар көреді. "Ұлымның туабітті ауруы бар. Қуығына жасалған отадан соң ол әлсіреп қалды. Түрлі дәрігерлерге қаралып, үнемі емделіп жүрміз", - дейді ана.

Рахматованың айтуынша, бұған дейінгі жылдары да әскери комиссариат қызметкерлері Мехроварды бірнеше мәрте армияға жібергісі келген, бірақ дәрігерлер оны сонша мәрте әскерге жарамсыз деп таныған.

Ата-ананың түрлі мекемелерге жүгінгенінен түк шықпады. 29 қарашада кешке Мехроварды Душанбе қаласындағы әскери бөлімдердің біріне жіберді.

Тәжікстанда жылына екі мәрте - көктем мен күзде 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды міндетті әскери қызметке қабылдайды. Күзгі науқан 1 қазанда басталып, 30 қарашада аяқталады.

XS
SM
MD
LG