Ссылки доступа

Ресей премьер-министрі жұмыс бабымен Самарқанда жүр


Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин 1 желтоқсанда жұмыс бабымен Өзбекстанға келді.

Ресейдегі басылымдардың мәліметінше, Мишустиннің Өзбекстанға сапары аясындағы ресми шаралар 2 желтоқсанда басталады. Күн тәртібіне сәйкес, жұма күні ол өзбек әріптесі Абдулла Әріповпен бірге үкіметаралық комиссия отырысын өткізеді.

Жиында екіжақты әріптестікті дамытуға қатысты мәселелер талқыланады деп жоспарланған.

"Сауда және экономика, өндіріс, энергетика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті нығайтуға баса мән беріледі", - деп хабарлады Ресей үкіметінің баспасөз қызметі.

Бұның алдында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен 28 қарашада Мәскеуде кездескен уақытта Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның "үшжақты газ одағын" құру жөнінде ұсыныс айтқан. Одақ мақсаты - газ тасымалдауды үйлестіру. Тоқаев ұсынысты мақұл көрген, алайда кейін қазақ жағы "мәселенің мәніне тереңірек үңілгісі келеді" деп мәлімдеген.

Ресей мен Өзбекстан үкімет басшылары деңгейіндегі комиссияның бұған дейінгі отырысы 2021 жылғы 22 маусымда Мәскеуде өткен.

Премьер-министрлердің осы жолғы кездесуінің күн тәртібінде Самарқанда 2 желтоқсанда өтетін өзбек-ресей бизнес-форумының жалпы отырысына қатысып, сөз сөйлеу қарастырылған. Форумға Ресейдің 150 компаниясынан, ұйымынан және бірлестіктерінен 360 адам қатысады.

XS
SM
MD
LG