Ссылки доступа

Ресейде мигрант балаларына арналған астыртын бақшада "тәрбиеші" баланың басынан тепкен


Әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде Ресейдегі еңбек мигранттарының балаларына арналған астыртын "балабақшада" түсірілген видео тарады.

Видеодан балаларға қарауға арналған орындағы тәрбиеші жылаған баланы жұбатудың орнына оның басынан теуіп жатқанын көруге болады.

Осы жайтты мобильді телефонға түсірген екінші бір әйел "әріптесінен" баланы теппеуін өтінген, сосын жылаған баланы жұбатуға кіріскен. "Жылағаныңды қоймасаң, онда ол сені тағы да ұрады!" - дейді бала жұбатуға тырысқан әйел.

Әлеуметтік желілерде таралған бұл видеода көрші бөлмелерде еденге төселген матрастарда бірнеше бала ұйықтап жатқаны байқалды.

Мұндай "астыртын" балабақша Ресейдің еңбек мигранттары көп барлық дерлік қалада бар. Ресейге баласымен келген мигранттар оны басқа бір мигрантқа тастап, жұмысқа шығуға мәжбүр.

Кейінгі уақытта Ресейде еңбек мигранттарының жәбір көрген балалары туралы көп айтылып жүр.

Ресейдегі балабақшаларда орын жетіспейді. Ресейліктердің өздері де баласын балабақшаға орналастыру үшін жылдар бойы кезек күтуге мәжбүр. Соған байланысты федерация аумағында "үйде балабақша ұйымдастырушылар" көбейді.

Еңбек мигранттарының мәселелерімен айналысатын Суянч.уз тобының жетекшісі Журабек Амоновтың айтуынша, мигранттардың қорғансыздығы осындай келеңсіз жағдайлардың жиі болуына алып келеді.

– Мигранттарымыз құжатсыз жүреді. Сол себепті олар балаларын кәдімгі балабақшаға орналастыра алмайды. Бұрын олар балаларын көршілерге қалдыратын. Енді метро станциялар маңында "үйдегі балабақша" көбейді. Мысалы, үш бөлмелі пәтерді жалға алып, балаларды сонда қарайды. Еңбек мигранттарының кейбірі балаларын арзан тәрбиешіге тапсыруды жөн көреді. Бір сөзбен айтқанда, еңбек мигранттарының балалары азап көріп жүр, – дейді Журабек Амонов.

Ресей ІІМ мәліметінше, жыл сайын елге кәмелет жасқа толмаған 800 мыңға жуық шетел азаматы келеді. Олардың дені Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан еңбек мигранттарының балалары.

XS
SM
MD
LG