Ссылки доступа

Қазақстан "газ одағына" кіруден бас тартты. Өзбекстан әзірге үнсіз


Қазақстан Путиннің "газ одағы" үштік одағын құру туралы идеясын қолдамады. Астана өз аумағын батыс санкцияларынан айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді және санкция қаупін ескере отырып "газ одағы" жобасына қатысты баға бермейді, деп мәлімдеді СІМ басшысының орынбасары Роман Василенко.

Сарапшылардың пікірінше, "газ одағын" құру Кремльге Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты салынған санкциялардан айналып өтіп, газ саудасынан табыс табуға көмектесер еді.

Бұл уақытта ресми Ташкент "газ одағын" құру жөніндегі бастама туралы әзірге ешқандай мәлімдеме таратпады. Сарапшылардың кейбірі мұндай бастама Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынасына сызат түсіру мақсатында көтерілуі де мүмкін деп топшылайды.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың мәлімдеуінше, Қазақстан халықаралық мәселелерді шешу үшін санкция енгізуді қолдамаса да, мемлекет оның талаптарын орындап отыр.

"Оны (газ одағын – Ред.) талқылауға әлі ерте, өйткені ол идея ғана. Бірақ Қазақстан өз аумағын санкцияларды айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді. Мұндай ұстаным өзгерген жоқ, жаңа бастамалар көтерілген уақытта да соны ескереді", – деп мәлімдеген Василенко парламенттегі журналистерге.

Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен бірге "газ одағын" құруды 28 қарашада Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен уақытта ұсынған. "Негізі біз бұған дайынбыз. Неге құрмасқа?" деген Тоқаев, бірақ кейін осы мәселеге қатысты пікірін өзгерткен.

XS
SM
MD
LG