Ссылки доступа

Өзбекстан президентінің Қырғызстанға сапарлайтын уақыты өзгерді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің 10 желтоқсанға жоспарланған мемлекеттік сапары кейінге қалды, деп хабарлады Қырғызстан сыртқы істер министрлігі.

Мәліметке қарағанда, көрші ел басшысы Бішкекке 2022 жылдың аяғына дейін келеді. Бұл жөнінде Шавкат Мирзияев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келіскен.

9 желтоқсанда Бішкекте Еуразия экономикалық одағы Жоғарғы кеңесінің отырысы өтеді. Оған ЕАЭО-ға мүше елдердің басшылары қатысады деп жоспарлаған. Ұйымға кірмейтін Өзбекстаннан бұл жиынға бақылаушы ретінде премьер-министр Абдулла Әріпов қатысады.

Бұған дейін хабарланғандай, Шавкат Мирзияев Бішкекке ЕАЭО Жоғарғы кеңесінің отырысы өтетін күннің ертесіне, 10 желтоқсанда келеді деп жоспарланған. Мемлекеттік сапар аясында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады, қырғыз-өзбек бизнес-форумы өтеді.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі - Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараның кейбір учаскелерін делимитациялау жөніндегі келісім-шарт. Президенттер бұның алдында құжатты ратификациялау туралы заңға қол қойған.

XS
SM
MD
LG