Ссылки доступа

Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынды 


Екібастұзда жергілікті Жылу электр станциясындағы апаттап кейін 28 қарашада енгізілген техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі алынды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.  

Мекеме мәліметіне қарағанда, қаладағы мектептер мен балабақшалар ғимараттарда қажетті температуралық режим орнағаннан кейін "штаттық режимде" істей бастайды.

Әкімдік қаладағы барлық көп қабатты үйлерге жылу берілгенін, "қазір гидротехникалық режимді қалпына келтіру бойынша жөндеу ісі жалғасып жатқанын" хабарлады. Әзірге 40 жеке үй орталық жылу беру жүйесіне қосылмаған.

Бірақ екібастұздықтар көп қабатты үйлерде әлі суық болып жатқанын, себебі апаттан кейін тұрбалардағы су қатып қалғанын, жылу берілгенде, олар жарылып жатқанын айтады.

Әкімдік болса жарылған тұрбаларды жөндеумен айналысып жатқанын жеткізді.

"Төтенше жағдайдан зардап шеккендердің арызын қабылдап жатырмыз. Келген шығынды анықтап, оны "Екібастұзжылуэнерго" кәсіпорнының есебінен орнын толтыру үшін тұрғын үйлер тексеріледі. Жылусыз қалған үйлер қараша және желтоқсан айлары үшін коммуналдық төлемдерден босатылады", - деп мәлімдеді әкімдік.

Қазақстан солтүстігіндегі Екібастұз қаласында 27 қарашада Жылу электр орталығында агрегат тұрбалары жарылған. Апат салдарынан 30 градус суықта қаланың 150 мың тұрғыны жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай жарияланып, облысы басшысы қызметінен алынды.

Жылу электр орталығындағы апатқа қызметкерлердің қатесі себеп болғаны ресми айтылды.

XS
SM
MD
LG