Ссылки доступа

Тәжікстанда бір апта ішінде бадахшандық 4 белсенді сотталды 


Тәжікстанның Жоғарғы соты бір апта ішінде бадахшандық төрт белсендіні ұзақ мерзімге түрме жазасына кесті. 

Озоди радиосының дереккөзі азаматтық белсенді Улфатхоним Мамадшоева, Хурсанд Мамадшоев, Фаромуз Иргашев және Хушруз Жумаевқа сот үкімі шыққанын хабарлады.

Тәжікстанның Жоғарғы соты тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталған журналист және белсенді Улфатхоним Мамадшоеваны 21 жылға түрме жазасына кесті. Өткен аптада шыққан үкім 9 желтоқсанда ғана белгілі болды. Жоғарғы сот бұл туралы түсініктеме бермеді.

65 жастағы Улфатхоним Мамадшоева тәуелсіз журналист, сонымен бірге "Заң және намыс" қоғамдық қорын басқарған. Белсендіге қарсы Қылмыстық кодекстің сегіз бабы бойынша, оның ішінде "Тәжікстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгертпек болды" деген айып тағылды.

Тәжік билігі Мамадбокир Мамадбокиров, Холбаш Холбашов, Улфатхоним Мамадшоева және Еуропаға қашып кеткен Алим Шерзамонов Хорог және Рушанда мамыр айында болған тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп есептейді.

Улфатхоним Мамадшоеваның ағасы Хурсанд Мамадшоев 18 жылға сотталды.

2020 жылы Тәжікстандағы президент сайлауында тіркеуден өтпеген үміткер, заңгер Фаромуз Иргашев 30 жылға сотталды.

Белсенді Хушруз Жумаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Хорогта болған наразылықтан кейін құқық қорғаушылармен бірге Гүлбиддин Зиёбековтің өлімін зерттеген “Комиссия 44” тобына көмек көрсетіп жүрген.

Таулы Бадахшан автоном облысында 14 мамырда наразылық акциялары басталған. Күш органдары 18 мамырда жолды жапқан адамдарды "деструктивті күштер" деп атап, оларға қарсы "антитеррорлық операция" өткізген. Онда тәжік билігі "сегіз содырдың көзі жойылып, 11-і жараланды" деп мәлімдеген. 100-ден астам адам қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG