Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасы: биыл Алматы қауіпсіздігіне 17 млрд теңге бөлінген  


Алматы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл 16,8 миллиард теңге бөлінді. Осылай деп Алматы әкімі Ерболат Досаев президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында айтты. 

- Сіздің тапсырмаңызға бойынша, Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың соңына дейін адам көп жиналатын орындарға 3050 бейнекамера орнатылады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл 16,8 миллиард теңге бөлінді,- деді Ерболат Досаев Тоқаевқа қарата.

Бұдан бөлек Қаңтар оқиғасы кезінде материалдық зардап шеккен 1640 шағын және орта бизнес субъектісіне 16,2 миллиард теңге өтемақы төленген. Ерболат Досаевтың баяндамасына қарағанда, кәсіпкерлердің 95 пайызына өтемақы биыл маусымға дейін төленген. Жеке тұлғаларға да 613,5 миллион теңге мүлік өтемақысы берілген.

Алматы әкімінің сөзіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген, қазір жөнделіп жатқан қала әкімдігінің ғимараты 2023 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Биыл 14 шілдеде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов 1,7 мың шағын және орта бизнес субъектісіне 14,3 млрд теңге өтемақы төленгенін хабарлаған еді.

Қаржы министрлігі "Қаңтар оқиғасының салдарын жою үшін" үкімет 31 млрд теңге қаражат қарастыратынын, оның 21 миллиарды Алматы мен өзге өңірлердегі шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға жұмсалатынын хабарлаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Алматыдағы президент резиденциясыбиыл мамыр айында республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен алынған, оны бұзуға 6 млрд теңге (шамамен 13 млн доллардан астам) қаржы бөлінген.

Қаңтар оқиғасы екінші күнге ұласқанда Алматы мен Шымкент, Талдықорған, Тараз және тағы да басқа қалалар мен елдімекендердегі мемлекеттік орган ғимараттарынан өзге шағын және орта бизнес субъектілері мен жеке тұлағалардың мүлкіне шығын келген.

XS
SM
MD
LG