Журналистің туыстарының айтуынша, "тергеу абақтысындағылар оны дүйсенбі күні түрмеге ауыстырғанын хабарлаған".
Жақында сот үкіміне шағым Душанбе қалалық сотында қаралуы тиіс. Журналист астананың Исмоили Сомони аудандық сотында істің тергелуі мен сотта қаралуын "біржақты әрі әділетсіз" деп атап, қарашада Душанбе қалалық сотына шағымданған.
37 жастағы Завкибек биыл шілде айында ұсталды. Қарашада оны елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясы мен 24 тобына қатысты деген айыппен жеті жылға соттады. Сотталушы мен оның туыстары айыптауға негіз жоқ деп есептейді.
Тәжік мемлекеттік телеарнасының бұрынғы журналисі Завкибек Саидамини әлеуметтік желілерде шындықты жиі жазып жүріп көпшілікке танылды.
Кейінгі жарты жылда Тәжікстанда жеті журналист пен блогер ұсталды: Далер Имомали, Абдулло Гурбати, Абдусаттор Пірмұхаммадзода, Завкибек Саидамини, Ульфатхоним Мамадшоева, Мұхаммад Сұлтон және Хушруз Гулям. Олардың барлығы дерлік сотталып, түрмеге түсті.