Ссылки доступа

Қырғызстанның зиялы қауым өкілдері Азаттық сайтын бұғаттауды алып тастауға шақырды


Қырғызстанның жүзден астам өнер, ғылым, мәдениет өкілдері "Азаттық Медиа" айналасындағы жағдайға алаңдайды. 

Олар қырғыз президенті Садыр Жапаровтың атына ашық хат жолдап, Азаттық сайты мен есеп-шотын бұғаттау ешбір заңға сәйкес келмейтінін жеткізді.

"Сөз бостандығы – қырғыз халқының ғасырлар бойы сақтап келе жатқан басты құндылығы. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деп қырғыз халқы бекер айтпайды. Азаттық радиосы 70 жыл тарихында біздің ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік пен сөз бостандығының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді", - деген үндеуде.

Ашық хатқа жүзден астам зиялы қауым өкілі қол қойған.

26 қазанда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттық медиа" қызметінің веб-сайтын екі айға жабу туралы шешім шығарған.

Бұған дейін "Биринчи Радио" ұлттық телерадио хабарын тарату кешені және "Санжыра" радиосы Азаттықтың телерадиобағдарламаларын таратуды да тоқтатқан.

31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат бұлағы екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуі тиіс екенін мәлімдеген.

Бірқатар халықаралық ұйымдар қырғыз билігін "Азаттық медианың" сайтына және банк есеп-шотына қойылған бұғатты тезірек алып тастауға шақырды.

Бейкоммерциялық тәуелсіз Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстан мен әлемдегі қоғамдық өмірді және демократиялық құбылыстарды объективті түрде жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG