Ссылки доступа

Түрмедегі адвокат Бузургмехр Ёров "жазаланып", Душанбеге ауыстырылады


Бузургмехр мен Жамшед Ёров
Бузургмехр мен Жамшед Ёров

Түрмеде отырған тәжік адвокаты Бузургмехр Ёров тәртіп сақтамады, күзетке бағынбады деген айыптармен қатаң жазаланды.

Жазасын өтеушінің анасы мен бауыры Азаттықтың Тәжік қызметіне 14 желтоқсанда хабарлауынша, қарашада сот Бузургмехр Ёров қамаудағы мерзімінің екі жылын одан да қатаң тәртіптегі колонияда өтеуі тиіс деген шешім шығарған. Бірақ әзірге ол Вахдаттағы түрмеде отыр. Бұл туралы Озоди радиосына Бузургмехрдің бауыры Жамшед Ёров хабарлады.

"Вахдаттағы түрмеде Бузургмехрді Ұлт лидерінің қоғам мен елдің дамуындағы рөлі жөніндегі дауға араластырған. Ағамның сыни пікірі онымен дауласқандарға ұнамаған, сол себепті оны жазалау камерасына орналастырған. Бұл "дауды" түрме өкілдерінің өздері ағамның тәртіп бұзғанын көрсету үшін әдейі ұйымдастырған. Карцерге Бузургмехрмен бірге тағы бес адамды қамаған. Ертесіне колонияға Вахдаттағы сот өкілдері келіп, Бузургмехр жазасының екі жылын Душанбедегі тәртібі одан да қатаң колонияда өткізеді деген шешім шығарды, яғни 28 жылдың екі жылын Душанбедегі түрмеде өтейді", - дейді Жамшед Ёров.

Тәртібі қатаң колонияда отырғандар басқа да жазасын өтеушілермен сөйлесе алмайды, кездесулер мен сырттан зат, хат алуға, таза ауаға шығуға шектеу қойылады. Бұған қоса, түрменің қатаң тәртібін бұзғандарды бірден карцерге жабады.

Әділет министрлігінің Қылмыстық жазаны атқару бас басқармасындағылар бұл мәселеге қатысты мәлімет беруден бас тартты. Жамшед Ёровтың айтуынша, үкімет саясатын сынаған бауырының үстінен тағы бір іс қозғалуы мүмкін. "Қазір Бузургмехрді әкімшілікке бағынбауға үндеп, бүлік жасауға дайындалды деп айыптау үшін Вахдат қаласындағы колонияда отырғандарды қысып жатыр. Жақында Бузургмехр Ёровқа қарсы тағы бір қозғалып, оның түрмедегі мерзімі одан сайын ұзаруы мүмкін".

Бузургмехр Ёров 2015 жылғы 28 қыркүйекте алаяқтықпен айналысты, жалған құжат жасады деген айыптармен ұсталды. Бұның алдында Ёров елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының тергеудегі 14 мүшесін қорғаумен айналысқан. Кейін адвокаттың үстінен басқа да қылмыстық істер қозғалды. Оны билік өкіліне тіл тигізді, сотқа құрметсіздік танытты, Ұлт лидері - Тәжікстан президентін балағаттады деп айыптады. 2016 жылы ол 28 жылға сотталды. 2021 жылы рақымшылық туралы заңмен Бузургмехр Еровтың мерзімі төрт жылға қысқарды.

2019 жылғы шілдеде БҰҰ-ның еріксіз қамауда ұстау мәселелері жөніндегі жұмыс тобы Бузургмехр Ёровтың сотталуын «халықаралық құқықты бұзу" деп атады. БҰҰ адвокатқа тағылған айыптарға негіз жоқ, оны биліктің саяси бақталастарын қорғағаны үшін жазалады деген қорытынды шығарды. БҰҰ Тәжікстан үкіметінен Ёровты тез арада босатуды талап етті.

XS
SM
MD
LG