Ссылки доступа

Өзбекстанда екі аптаның ішінде 30-дан астам адам иіс тиіп қайтыс болған


Өзбекстанда қарашаның аяғында басталған энергетика дағдарысы салдарынан отыздан астам адам қайтыс болды, олардың арасында балалар да бар.

Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, қайтыс болғандардың 15-і кәмелет жасқа толмаған. Олардың басым бөлігі иіс тиіп қайтыс болған.

Бұл уақытта әлеуметтік желілердің өзбек сегментінде жылу мен газдан ажыратылған перзентханаларда жаңа туған сәбилер мен аналар жаурап жатқаны жөнінде видео тарады.

БҰҰ Балалалар қорының (ЮНИСЕФ) Өзбекстандағы өкілділігінің басшысы Мунир Мамедзаде Азаттықтың Өзбек қызметіне бала өміріне алаңдайтынын айтты.

– Әр баланың тағдыры маңызды. Қатаң қыстың балаға әсеріне алаңдап отырмыз, ал әлемде энергетика дағдарысы болып жатыр. Біз отбасы мен қоғамды адам улайтын түтіннен сақ болуға, бала өміріне бейжай қарамауға үндейміз, – дейді Мунир Мамедзаде.

11 желтоқсанда Қашқадарияда 13 жастағы бала иіс тиіп қайтыс болды, ал оның 9 жастағы інісі және 11 жастағы қарындасы ауруханаға түсті.

10 желтоқсанда Қашқадариядағы Қарши ауданына қарасты "Дашт" махалласында бір отбасының үш мүшесі иіс тиіп қайтыс болды. Екі күн бұрын, 8 желтоқсанда Хорезм облысы Янгибазар ауданында бір отбасының екі мүшесі иістен өлді.

Ал 5 желтоқсанда Бухарада бір отбасының бес бірдей мүшесі иіс тиіп қайтыс болды.

Қайғылы оқиғалардың бәрі жергілікті баспасөзде жазылды. Өзбекстанда иіс тиіп өлгендер туралы ресми статистика әзірге жарияланған жоқ.

XS
SM
MD
LG