Ссылки доступа

"Кемпірабад ісі": 19 адам абақтыда аштық жариялады


"Кемпірабад ісі" аясында қамалған 19 адам наразылық ретінде аштық жариялап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне адам құқықтарын қорғаушы Әзиза Әбдірасулова хабарлады.

"14 желтоқсанда қамаудағы жеті адам Жазаны атқару қызметіне аштық бастағанын ресми түрде хабарлады. Бүгін, 15 желтоқсанда оларға тағы 12 адам қосылды. Осылайша барлығы 19 адам аштық жариялады. Адвокаттар ресми ескерту дайындап жатыр", - деді Әбдірасулова.

Жазаны атқару қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарованың "Азаттыкқа" хабарлауынша, жеті адамның аштық жариялағаны туралы мәлімет түсті, қалғандарының арызы әлі келген жоқ.

14 желтоқсанда "Кемпірабад ісі" аясында ұсталып, аштық жариялағандармен Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталық директоры Бақыт Рысбеков пен омбудсмен Атыр Әбдірахматова кездескен.

Бұның алдында сот шешіміне наразылық ретінде Атай Бейшенбек, Рита Қарасартова, Клара Сооронқұлова, Равшан Жеенбеков, Перизат Сұранова, Орозайым Нарматова аштық жариялағаны мәлім болды. Олар қоғамға, халықаралық ұйымдарға үндеу жолдап, аштық жариялау себебін түсіндірді.

23 қазанда Бішкекте 30 шақты саясаткер мен белсенді ұсталды. Бұның алдында олардың үйлерін тінтіген. 25 қазанға қараған түні Бішкектің 1-май аудандық соты ұсталғандарды екі айға қамау туралы шешім шығарды. ІІМ мәліметінше, олардың үстінен "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды" деген айыппен іс қозғалған. Апта басында 1-май аудандық соты белсенділерді қамауда ұстау мерзімін тағы екі айға созды.

Қамаудағы саясаткерлер мен белсенділер тағылған айыппен келіспейді, істің саяси астары бар деп есептейді.

XS
SM
MD
LG