Ссылки доступа

Түркіменстан Интернеттен дербес ұлттық цифрлы желісін дамытады


Иллюстративное фото 

Түркіменстан ғаламдық Интернет желісімен байланысы жоқ Ұлттық цифрлы жүйесін дайындауға кірісті. Бұл туралы Түркіменстан мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Президент Сердар Бердымұхамедов 9 желтоқсанда тиісті жарлыққа қол қойып, Ұлттық цифрлы желі құру тұжырымдамасын дайындау жөніндегі жұмыс комиссиясының құрамын бекітті.

Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөздері мен жергілікті сарапшылар ғаламдық Интернеттен ажыратылған цифрлы желі Түркіменстанда тәуелсіз ақпарат көздерін одан сайын шектейді деп қауіптенеді. Мұндай желі құрылған жағдайда, әлеуметтік желілер ел ішінде толық бұғатталып, олардың орнын жергілікті желілер басуы мүмкін.

"Әуелі мемлекеттік және жеке секторда, қызмет салаларында ақпарат алмасудың ішкі желісі құрылуы мүмкін. Сосын сыртқы байланыспен толықтай үзілген ішкі инфрақұрылым пайда болады", дейді Азатлық радиосының дереккөзі.

Оның пікірінше, ішкі электронды жүйе дамыған сайын ғаламдық желілердің сервистері, вебсайттар, әлеуметтік желілер Түркіменстанда бұғаттала береді, оларды жергілікті нұсқасы алмастырады.

Түркіменстанның ғаламдық Интернеттен тәуелсіз цифрлы жүйе құру әрекетін Қытай, Иран және Ресей секілді елдердің осыған ұқсас әрекетімен салыстыруға болады. Бұл елдерді халықаралық қауымдастық адам құқықтарын бұзды, баспасөз бен сөз еркіндігін тұншықтырды деп айыптап отыр.

Түркіменстан билігі кейінгі бірнеше жылда түрлі салаларды цифрлауға талпынып жүр. Түркіменстан цифрлы экономикасын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. Бұған қоса, 2019 және 2020 жылдары e.gov.tm мен sanly.tm мемлекеттік порталдары ашылды. Түркіменстан ішінде ғана жұмыс істейтін электронды басылымдар көбейді.

Сонымен бірге билік мемлекет бақылауын тыс ақпарат көздерін шектеуді тоқтатпады, атап айтқанда VPN-сервистер бұғатталып жатыр.

"Ақпарат пен ғылым сайттарының дені, онлайн кітапханалардың бәрі жабылды", дейді жергілікті сарапшылардың бірі Азатлық радиосына. "Төлем жүйелері мен шетел банктері де толықтай бұғатталды. Бұл басы ғана", деп есептейді маман.

Түркіменстанда тәуелсіз басылымдар сайттары, Facebook, Instagram және Twitter секілді ірі әлеуметтік желілер бұғатталған. Бұған қоса, Түркіменстандағы Интернет - әлемдегі ең қымбат әрі ең баяу ғаламдық желі.

XS
SM
MD
LG