Ссылки доступа

Рахмон Ауғанстанда инклюзив үкімет құру керек деп тағы мәлімдеді


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Пәкістанға сапары кезінде көрші Ауғанстанда жергілікті саяси және этникалық күштердің қатысуымен инклюзив үкімет құру қажет деп тағы мәлімдеді.

Тәжікстан Ахмад Масуд басқаратын Ауғанстан ұлттық қарсылық майданын қолдайды, ал Пәкістан болса "Талибан" қозғалысын демеп отыр.

Тәліптер 2021 жылғы тамызда Ауғанстанда билікті басып алды. Осы уақытқа дейін әлемнің бір де бір мемлекеті Ауғанстандағы "Талибан" үкіметін мойындаған жоқ. Тәжікстан мен Ауғанстан қазір энергетика саласында ғана әріптес болып отыр.

Тәжікстан президентінің мәлімдеуінше, Душанбе мен Исламабад Ауғанстанда инклюзив үкімет құрудың қауіпсіз екеніне кепіл бола алады.

"Біз көп қиыншылық көрген Ауғанстанда бейбітшілік, тұрақтылық пен ұлтаралық келісім орнағанына аса мүдделіміз. Осы тұрғыдан келер болсақ, Ауғанстанда саяси және этникалық күштердің қатысуымен инклюзив үкімет құру қажет", - деп мәлімдеген Рахмон Исламабадтағы баспасөз конференциясында.

Тәжікстан мен Пәкістан көрші Ауғанстанда инклюзив үкімет құру мәселесін бұған дейін де талқылаған.

Пәкістанның бұған дейінгі премьер-министрі Имран Хан 2021 жылғы қыркүйекте президент Эмомали Рахмонмен кездескен соң "Талибан" қозғалысымен Ауғанстанда инклюзив үкімет құру жөнінде келіссөздер бастадық деп мәлімдеген.

Алайда Пәкістанның қазіргі үкімет басшысы Шахбаз Шариф тәжік президенті Рахмонмен бірге өткізген баспасөз конференциясында Ауғанстанда инклюзив үкімет құру мәселесіне қатысты ештеңе айтқан жоқ.

Бұның алдында тәліптер былтыр құрылған үкімет құрамына үш тәжік пен екі өзбек кіргенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG