Ссылки доступа

Тунисте оппозиция президенттің қызметтен кетуін талап етіп жатыр


Оппозиция жақтастарының митингі
Оппозиция жақтастарының митингі

Тунисте 17 желтоқсанда өткен кезектен тыс парламент сайлауына дауыс берушілердің бар болғаны 9 пайызы ғана қатысты.

Алдын ала мәлімет бойынша, дауыс беруге 9 миллионнан астам сайлаушының шамамен 804 мыңы ғана келген.

Құрамына "Ан-Нахда" ислам партиясы, "Тунис жүрегі" социал-демократиялық партиясы және басқа да саяси күштер кіретін "Ұлттық қорғаныс майданы" оппозициялық альянсы парламент сайлауының нәтижесін "зілзаламен" салыстырды, деп хабарлады AFP.

Альянс президент Кайс Саидты сайлауға халықтың аз жиналуына байланысты қызметтен кетуін талап етті, деп мәлімдеді оппозиция бірлестігінің жетекшісі Неджиб Чебби. Оның айтуынша, мемлекет басшысы заңды түрде президент болудан қалды.

161 депутат мандатына 1 мыңнан астам үміткер таласқан. Мандат мерзімі бес жыл.

Үкімет парламент сайлауын билікті президент Кайс Саидтың қолына жинайтын саяси жүйе құруға пайдаланғысы келеді деп есептейтін оппозиция сайлауға бойкот жариялаған.

Тунис президенті былтыр парламентті таратқан. Сол кезде оппозиция Кайс Саидтың бұл әрекетін "төңкеріс" деп атаған.

Тунис тұрғындарының дені билік авторитаризмге бастап келеді деп қауіптенеді. 2011 жылы халық елді 1987 жылдан бері басқарып келген президент Зин әл-Абидин Бен Әлиді революция күшімен биліктен алған.

XS
SM
MD
LG