Ссылки доступа

Прокурор тәжік блогері Пірмұхаммадзодаға 7 жыл сұрады


Журналист Әбдісаттор Пірмұхаммадзода

Мемлекеттік айыптаушы тәжік блогері Әбдісаттор Пірмұхаммадзоданы жеті жылға соттауды сұрады. Бұның алдында танымал блогер тергеу изоляторында жазған хатында және сот отырыстарында тергеу барысында психологиялық қысымға ұшырағанын, азапталғанын мәлімдеген.

Әбдісаттор Пірмұҳаммадзоданың туыстарының бірі 19 желтоқсанда Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосына блогер соты өткен аптаның аяғында Душанбедегі тергеу изоляторының ғимаратында басталғанын айтты. "Прокуратура өкілі соттан Әбдісатторды жеті жылға колонияға жабуды сұрады. Басқа ештеңе білмей отырмыз, бізбен ешкім сөйлескісі келмейді", - дейді сотталушының туысы.

Озоди радиосының журналистері Душанбе қаласы Исмоили Сомони аудандық сотының өкілдерінен мәлімет ала алмады. Сот қызметкерінің бірі ғана блогер ісін жүргізетін судья қазір семинарда деп жауап берді. Әбдісаттор Пірмұхаммадзоданың адвокаты журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Танымал журналист әрі блогердің үстінен қозғалған іс бойынша сот 13 қазанда Душанбедегі тергеу изоляторында жабық басталды. Сотқа журналистің туыстары да қатыса алмай жүр.

Пірмұхаммадзода ұсталғанына екі апта болғанда тергеу абақтысынан хат жазып, алғашқы күннен бастап аяусыз азаптағанын мәлімдеді. "Мені ұрып-соғып, тоқпен азаптағаны сонша, өмір сүргім келмей қалды", деп жазды ол. Блогердің айтуынша, милиция қызметкерлері мен тергеушілер оны азаптау арқылы "қолдан құрастырылған айыпты" мойындатуға тырысқан.

"Сегіз-он күнге созылған азаптау, толықтай оқшаулау, қоқан-лоққы мен мазақтан соң өзіміз жасамаған қылмысты мойныма алуға тура келді", деп жазды Әбдісаттор Пірмұхаммадзода абақтыдан жолдаған хатында.

Хат жарияланған соң Исмоили Сомони аудандық соты блогерге қарсы істі қарауды уақытша тоқтатты. Судья Тәжікстан бас прокуратурасынан сотталушының Вахдат қаласы ішкі істер басқармасындағы азаптаулар туралы мәлімдемесін тексеруді сұрады. Бас прокуратура қызметкерлерінің тексеруі немен аяқталғаны белгісіз.

44 жастағы блогер Әбдісаттор Пірмұхаммадзода 8 шілдеде Вахдат қаласының милициясына шақыртылып, тергеуден кейін ұсталған. ІІМ блогерге "экстремистік әрекетке үндеді және экстремизмді жақтады" деген айыптар тағылғанын хабарлады. Кейін блогер "елде тыйым салған ұйымдармен байланыс орнатты" деп те айыпталғаны мәлім болды. Әбдісаттор тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған.

Әбдісаттор Пірмұхаммадзода - кейінгі жарты жылда тұтқындалған жеті тәжік журналисі мен блогерінің бірі. Жетеудің бірнешеуі түрлі мерзіммен түрмеге түсті. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары журналистерге шығарылған үкімдерді сынап, тәжік билігінен оларды тез арада босатуды талап етті.

XS
SM
MD
LG