Ссылки доступа

Түркіменстанда халық санағын жүргізу тәртібі бұзылып жатыр


Ашғабат қаласы

Халық саны туралы ресми статистика жарияламаған Түркіменстанда кезекті халық санағын жүргізу тәртібі бұзылып жатыр. Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері мен дереккөздері тұрғындарды бірнеше мәрте қайта тіркегенін хабарлады.

"Тіркіменбашы қаласында халық санағы басталды. Шенеуніктер алаяқтық әрекетке барды. Тіркеуде тұрған мекеннен басқа жерде жүрген азаматтар мен ішкі мигранттарды екі мәрте тіркеп жатыр", - деп хабарлады Азатлықтың Балқан уәлаятындағы тілшісі.

Ол екі мәрте: әуелі тұрғылықты мекенінде, сосын қонаққа барған басқа бір аймақта тіркелгенін айтты. "Мені екі мәрте тіркеді. Халық санағының нәтижесін жариялаған уақытта тұрғындар саны дұрыс мәліметтен әлдеқайда көп болып шығуы мүмкін", - дейді журналист.

Түркіменстанда халық санағы науқаны 17 желтоқсанда басталды.

Тілшілер мен дереккөздердің хабарлауынша, мұғалімдер халық санағын жүргізу мақсатында үйді-үйді аралап жүр. Сол себепті мектептерде сабақтардың жартысы өтпей қалды.

"Халық санағын жүргізугі мұғалімдерді тартты. Түркіменбашыдағы мектептерде бүгін үшінші сабақтан кейін ұстаз таппайсың", - деп хабарлады Азатлық тілшісі 19 желтоқсанда.

Түркіменстандағы БАҚ халық санағын арнайы оқудан өткен мамандар жүргізіп жатыр деп хабарлаған.

Науқан "Халық санағы 2022: Бірлік, Бақыт, Жарқын болашақ" ұранымен жүріп жатыр. Халық санағы 27 желтоқсанда аяқталады.

2007 жылдан бері халық санына қатысты ресми мәліметті жарияламай отырған Түркіменстанда халық санағы соңғы мәрте 2012 жылы өткен. Бірақ сол науқанның да нәтижесі он жылдан бері жарияланбаған.

Бұның алдында Азатлық дереккөздері Түркіменстанда кейінгі он жылда 1.9 миллион азамат елден кеткенін, билік демографиялық дағдарысқа алаңдайтынын, елде бар болғаны 2,7-2,8 миллионға жуық адам қалғанын айтқан.

Соңғы рет Түркіменстан билігі елде 6,7 миллион адам тұратынын 2006 жылы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG