Ссылки доступа

"Кемпірабад ісімен" ұсталғандардың туыстары президентпен кездестіруді талап етті


Бішкектегі Панфилов саябағы маңында "Кемпірабад ісімен" ұсталған белсенділердің туыстары пикет өткізді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне наразылық акциясына жиналғандар хабарлады.

Пикетке 70 шақты адам қатысты. "Кемпірабад ісімен" ұсталған Әли Шабданның әйелі Нұрайым Сыдығалиева Азаттыққа тергеу изоляторында отырған белсенділер мен саясаткерлердің туыстары Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездестіруді талап еткенін айтты.

"Күйеуімнің жағдайы нашарлады. Бүгін біз президентпен кездестіруді талап еттік. Туыстарымыздың жағдайына алаңдаймыз. Тергеу изоляторындағы дәрігерлер ештеңе айтпай отыр. Күдіктілердің бәрін үйқамаққа шығаруын талап етеміз", - дейді белсенді Әли Шабданның әйелі.

Сыдығалиева мемлекет басшысына істегі күдіктілер туралы "жалған ақпарат" жеткізуі мүмкін деп есептейді.

"Президенттің жақындағы сұқбатын оқыған соң оған өтірік айтқан болуы керек деген ой келді. Құқық қорғаушылар ұсталғандар қауіпті деп айтқан сияқты. Сөйтіп президенттің беделіне нұқсан келтірген. Ол Конституция кепілі. Судьялар мен ІІМ заң бұзған болса, соны президенттің өзіне айтқымыз келеді", - дейді Сыдығалиева.

Биыл қазан айында Бішкекте отызға тарта саясаткер мен белсенді ұсталды. Олардың үстінен "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Сот оларды екі айға қамау туралы шешім шығарды, ал желтоқсанда қамау мерзімі тағы екі айға созылды.

17 желтоқсанда "Кабар" мемлекеттік басылымына сұқбат берген Садыр Жапаров ұсталғандар "халықтың құлағын көтеріп", "мемлекеттік төңкеріс" ұйымдастыруға талпынды деп мәлімдеген.

Ұсталғандар Кемпірабад су қоймасына қатысты ұстанымы үшін саяси қудалауға ұшырағанын мәлімдеді. Оларды тергеу абақтысында ұстау мерзімі тағы екі айға созылған соң 19 адам наразылық ретінде аштық жариялады.

XS
SM
MD
LG