Ссылки доступа

Алматы соты журналист Козачковты екі айға қамау туралы шешім шығарды (видео)


Қазақстан қаржы мониторинг агенттігінің қызметкерлері жексенбі күні ұстаған журналист Михаил Козачков екі айға қамалды. Бұл туралы 20 желтоқсанда Алматы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

"Бүгін Алматы қаласының сотында тергеу органдарының Михаил Козачковты қамау туралы өтініші қаралды. Тергеу сотының қаулысымен тергеу органдарының екі айға қамауға алу туралы өтініші қанағаттандырылды", - деп хабарлады қалалық сот.

18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігі Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы және "Время" газетінің журналисі Михаил Козачковтың қамауға алынғанын және "Болат Назарбаевтың көмекшісімін" деп жүрген Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына көмектесті" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Қаржы мониторингі "Қоспаев рейдерлік әрекет құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында Козачковтың қызметін пайдаланды, Козачков ол үшін 52 миллион теңге алды" деп, бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров аталатын "Есентай сити" жобасындағы үлесті рейдерлікпен басып алу туралы сөз болып отырғанын айтқан.

19 желтоқсанда "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау қоры "Михаил Козачковтың құқықтары өрескел бұзылды, дереу босатылсын" деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

20 желтоқсанда Қазақстан бас прокуратурасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен журналист Михаил Козачковты қамауға алу ісі бойынша тексеріс бастағанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG